Шығысқазақстандықтар Азиада жеңімпаздарын күтіп алды
Ұлттық құрамаға Шығыс Қазақстанның атынан кірген 47 спортшының он бесі елімізге 15 алтын, 11 күміс, 7 қола медаль әперді. Тек Алексей Полтораниннің өзі 4 алтын қанжығалап, шығысқазақстандықтардың мерейін үстем етті. Шаңғы спорты, фристайл және биатлон жарыстарында Алексей Полторанин (4 «алтын», 1 «қола»), Оксана Яцкая (2 «алтын», 1 «қола»), Елена Коломина (2 «алтын», 2 «күміс»), Дмитрий Рейхерд (1 «алтын»), Дмитрий Бармашов (1 «алтын», 1 «қола»), Юлия Галышева (2 «алтын, 1 «күміс»), Ольга Полторанина (1 «алтын»), Инна Можевитина (1 «алтын»), Ян Савицкий (1 «алтын») сынды спортшылар жарқын жеңістермен көзге түсті.
Ал шаңғымен бағдарлау бойынша Евгения Кузьмина құрама қоржынына 1 алтын, 2күміс, 1 қола медаль салса, Александр Бабенко 1 алтын, 1 күміс, Алексей Немцов 1 күміс, Виталий Лиличенко 1 күміс салды. Таң шаңғысы жарыстарында Игорь Закурдаев бір алтын, екі күміс медаль, ал Ксения Строилова 2 қола медаль жеңіп алды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев спортшыларды жеңістерімен құттықтады және алтын медаль иегерлеріне - 500 мың теңгеден, күміс медаль иегерлеріне - 300 мың теңгеден, ал қола медаль иегерлеріне 200 мың теңгеден сыйақы табыс етті. Сондай-ақ барлық спортшыларға телевизор берілді. Ал бірнеше дүркін жеңімпаз атанған А.Полторанин, Е.Коломина, Ю.Галышева және О.Яцкая сынды спортшыларға әкім «темір тұлпардың» кілттерін табыс етті.