Шымбұлаққа іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктердің кіруіне тыйым салынды - сарапшылар пікірі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап Шымбұлақ аумағына бензин, дизель және газбен жүретін көліктердің кіруіне тыйым салынады. Іштен жанатын сұйық отынды қозғалтқышпен жүретін көліктердің жүрісін шектеудің негізгі мақсаты – зиянды шығындыларды азайтып, табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны тиімді пайдалану.
Сарапшылардың сөзінше, халықаралық тәжірибеге сәйкес мұндай экологияық аумақтар «деңгейі төмен зиянды шығындылар» дегенді білдіретін «Low Emission Zone» (LEZ) белгісімен белгіленеді. Шетелде LEZ жүйесі жыл 12 ай демалыс күндері де әрекет етеді.
«Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты Іле Алатауы шатқалында теңіз деңгейінен 2260 метр биіктікте, Алматы қаласының орталығынан 25 шақырым жерде орналасқан. Жазда ауаның орташа температурасы +20 С, қыста -7 С. Қардың орташа қалыңдығы 150 см-ге дейін жетеді, жылына 90% күн шуақты. Теңіз деңгейінен 3163 метр биіктікте көтергіштер болады. Екі қапталда қарлы беткейлер мен мәңгі жасыл Тянь-Шань шыршалары өскен керемет тау бар.
Логистика және көлік академиясының профессоры, Қазақстанның құрметті көлік қызметкері, Ресей көлік академиясының академигі Еркін Жайлаубековтың айтуынша, «Шымбұлақ» қазақстандық және ресейлік туристер арасында ғана емес, сонымен қатар, алыс шетелден келген қонақтар арасында да дамыған инфрақұрылымы, сапалы сервисі бар жыл бойғы белсенді демалыс орны ретінде танымал.
«Бүгінде Қазақстан мен Алматы қаласының экологтарын «Шымбұлақ» курорттық аймағының жағдайы алаңдатады. Инфрақұрылымның дамуы, тау шаңғысы туризмі нысандарын жаңғырту мен салуға байланысты көліктен, машинадан және тұрмыстық қалдықтан шығатын ластаушы заттар табиғатқа кері әсер етеді. Аспалы жол енгізілсе де, курорт аймағына жеңіл автокөліктер мен автобустар кіреді. Аймақта бензин және дизельді қозғалтқышы бар машиналар мен механизмдер жұмыс істейді. Олар қоршаған ортаны қорғау курорттық аймағының ауасын ластайды. «Шымбұлақ» курорттық аймағының ауасын қорғау бойынша белгілі бір іс-шараларды қабылдау қажет.
Осындай іс-шаралардың бірі «Шымбұлақ» аймағына автокөліктің кіруін шектеу болмақ. Көлік экологиясы жөніндегі маман ретінде Алматы қаласы экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының «Шымбұлақ» аймағына дизельді және бензинді қозғалтқышы бар автокөліктің кіруіне тыйым салу туралы бастамасын қолдаймын»,- дейді ол.
«Eco Fund Tabigat» ҚҰ, «Kaz Eco Patrol» ӨҚҰ төрағасы, экоамбассадор Тимур Елеусізовтың сөзінше, Алматы қаласының экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы дер кезінде, қажет тіпті, ішінара мәжбүрлі шара ұсынып отыр.
Ұлттық саябақ аумағында қатаң реттеудің болмауына байланысты экожүйеге немесе адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін көптеген жағдай, оның ішінде төтенше жағдайлар да болды.
«Біз жақында ғана экологиялық сыйымдылық пен төзімділік деген ұғым бар екенін түсіндік - бұл қорғалатын табиғи аумақтарда кейбір әрекетке тыйым салуды білдіреді, себебі бұл экожүйені біртіндеп құртады, содан кейін әкімдік немесе Үкімет немесе полиция қайда қарап отыр, шетелде ұлттық саябақта бәрі жақсы, ол жақта көлік жүрмейді деп қолымызды сермеп отырамыз. Ұлттық саябақты болашақ ұрпақ үшін бұзылмаған қалпында сақтағымыз келсе, автокөлікпен жүруге тыйым салу керек, мұнда туристерге қатысты айтып отырмын, ТЖ қызметіне ғана рұқсат. Жаяу туризм инфрақұрылымын енгізуге, кеңейтуге тиіспіз. Табиғи саябақтарды сақтауды мақсат тұтсақ, жаяу туризм Ұлттық саябақтардың негізгі ұстанымы болуы керек.
Бәріміз білімді адамбыз, табиғи саябақтың экожүйесіне кері әсері бар автокөлік қозғалтқышының шуылы неге апарып соқтыратынын түйсінуіміз қажет. Сондықтан тарихи тұрғыдан алғанда, көлік логистикасын қажет ететін Медеудегі инфрақұрылымның санын шектеп, сапасын арттыру керек, бұл ішкі жану қозғалтқышы бар электромобильдерге ауысуға қатысты.
Бұл жағдайда Медеу саябағы басшылығының бастамасын толығымен қолдаймын. Өз басым автокөліктердің қозғалысына мүлде тыйым салар едім, олар жаяу туристер үшін де қауіпті, бірақ толық алынып тасталмағандықтан, оларды шектеп, электрге ауыстырып, өзара тиімді ымыраға келу керек»,- деп өз ойымен бөлісті маман.
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Solai Tech» ЖШС тең құрылтайшысы Әсет Наурызбаев Кіші Алматы, Үлкен Алматы, Талғар, Ақсай шатқалдарының қаладан көтерілетін түтінді күнделікті тазартуда рөлі зор екенін жеткізді.
«Бұған қоса, бұл шатқалдарда қаланы қамтамасыз ететін жерүсті және жерасты сулары бар, осыған байланысты ғимараттар мен құрылыстарды салуға тыйым салу, сонымен қатар ауаны және суды ластайтын автокөліктердің қозғалысын барынша шектеу жөнінде шаралар қабылдануға тиіс. Электр және газбен жүретін мамандандырылған техникаға ғана рұқсат. Аталған шатқалдардағы тұрғын үйді газбен немесе электрмен жылытуға көшіру туралы мәселені жеке шешу қажет, ол үшін сұйытылған көміртекті газ үшін жергілікті газ сақтағышты жабдықтап, оны үйлерге тарату мүмкіндігін қарастыру қажет»,- деді ол.
Ал, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Орман ресурстары, аңшылық және балық шаруашылығы» кафедрасының профессоры Бұлқайыр Мәмбетов халық демалатын аймақтарда демалыс орындарын дұрыс пайдалану мақсатында аудан бірлігіне рекреациялық жүктемелер есептелуге тиіс деп есептейді.
«Рекреациялық жүктеме - орман рекреациясы нысанының ауданы, келушілер саны және олардың нысанда болу уақыты арқылы айқындалатын орман рекреациясының түріне байланысты факторлардың биогеоценозына әсер ету көрсеткіші. Оңтайлы, шекті және дистракциялық рекреациялық жүктемені ажыратады. Рекреациялық ормандардағы антропогендік жүктемелердің деңгейі бір жағынан, орман алқабына келетін демалушылар санымен, екінші жағынан, орманның өзінің қасиетімен, оның рекреациялық жүктемелерге төзімділігімен анықталады. Демалушылар санына байланысты рекреациялық ормандардың аумақтары қарқынды (жаппай) пайдалану аймақтарына бөлінеді, мұнда келушілер саны гектарына 6 немесе одан да көп адамнан асуы мүмкін. Олар орман шаруашылығының ерекшеліктерімен, пайдалану және абаттандыру режимдерімен ерекшеленеді. Өкінішке қарай, Медеу шатқалындағы демалыс аймағындағы аудан бірлігіне рекреациялық жүктеме өте жоғары екенін атап өткен жөн, өйткені жексенбі және мереке күндері келушілер саны рұқсат етілген жүктемеден әлдеқайда көп болып, демалушылардың қарасы артады. Осыған байланысты біздің ұсынысымыз:
- антропогендік жүктемелер деңгейін анықтау мақсатында аудан бірлігіне жүктеме нормаларын анықтау бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу;
- демалыс күндері көліктер мен демалушылардың кіруін шектеу»,- деп түсіндірді ол.
Алматы тауларында Қызыл кітапқа енген өсімдіктер өседі.
«Әрине, ластаушы заттар шығаратын автокөліктердің ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіруін шектеу керек. Бұл мәртебе кезінде біздің тау бөктері мен тұмса табиғаттың бүлінбеген аумақтарын болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатында берілді. Бұл биоәртүрлілікті сақтау тұрғысынан өте маңызды.
Бұл аумақта ұя салатын, отырықшы, қоныс аударатын және қыстайтын құстарды қосқанда кемінде 136 түрлі құс кездеседі, 12 тұқымдасқа жататын сүтқоректілердің 25-ке жуық түрі бар. Бұғы, сібір елігі кездеседі. Кеміргіш, тиін, атжалманның түрлері көп. Жыртқыштардан түлкі мен сусар тұқымдас ақкіс және борсық кездеседі. Сусардың сирек кездесетін түрінің бірі ақтөс сусар бар. Қызыл кітапқа кірген өсімдіктердің бірнеше түрі өседі. Сол себепті табиғаттың осы бір тамаша мүйісіне рекреациялық шектеулер енгізген жөн»,- дейді ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, «ТЕРРА Табиғат» ЖШС бас директоры Наталья Огарь.
Бұған дейін «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты аумағына көліктердің кіруін шектеу шарттарына өзгеріс енгізілгені туралы жазған болатынбыз.
Еске сала кетейік, бұған дейін сол жердің тұрғылықты тұрғындары мен жекеменшік иелеріне қозғалтқыш типіне қарамастан «Шымбұлақ» ТК аумағына кіруге рұқсат етілетін.
«Казгидромет» РМК ақпаратына сәйкес 2022 жылы Алматы қаласы бойынша атмосфераны ластау индексі 5-ті құраған (жоғары). Жылына 127 мың тонна есептік шығарындылардың 70 мың тоннасы автокөліктерге тиесілі, 46 мың тонна стационарлы ластау көздеріне (оның ішінде ЖЭО-2), шамамен 11 мың тонна – жеке секторға тиесілі. Автотранспорт атмосфераны ластаудың негізгі көзі болып отыр. Қазіргі кезде Алматыда шамамен 560 мың автомобиль тіркелген, (оның ішінде электромобиль саны 958), күн сайын қала аумағына 200 мыңнан астам көлік кіреді. Ал оның 58%-ының қолданыс мерзімі 14 жылдан 40 жылға дейінгі мерзімді құрайды.