Шымкент әкімі оқушылар суицидіне қатысты пікір білдірді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта Шымкентте оқушылары өз-өзіне қол жұмсаған мектептің директорлары жұмыстан босатылады. Бұл туралы қала әкімі Нұрлан Сауранбаев қоғамдық кеңес отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңесте сөз сөйлеген шаһар басшысы білім мекемелеріндегі жоғары сынып оқушыларының ақша жинау деректеріне тоқталды.

«Соңғы екі жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл жағдайдың қалай өрбігенін, үлкендердің кішілерге әлімжеттік танытуын  арнайы инспектор, мұғалімдер, директордың білмеуі мүмкін емес»,- деді қала әкімі.

Әкімнің сөзіне қарағанда, бұдан былай қала мектептерінде осындай оқиғалар болып, дәлелденген жағдайда білім мекемелерінің басшылары тікелей жауап беретін болады. Яғни, балалардың ақша жинау немесе сол сияқты түрлі келеңсіз жағдайларға байланысты суицидке барған жәйттер үшін  мектеп директорлары қызметінен кететін болады.

«Қазіргі орын алған екі жағдай бойынша мектеп басшыларына ескерту бердік. Келесі жолы мектеп директорлары бірден қызметінен босатылады»,- деді Нұрлан Сауранбаев.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың ақпан айында  қалада 8 және 11 сыныптың оқушылары өз-өздеріне қол жұмсап, қайтыс болған еді. Бақилық болған 11 сыныптың оқушысы өлердің алдында мектепте әлімжеттіктің бар екенін және оның мұндай әрекетке баруына себепкер ретінде бірқатар оқушылардың аты-жөндерін жазып кеткен болатын. Қазір екі жағдай бойынша да құзырлы органдар тарапынан тиісті тексерістер жүргізілуде.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram