Шымкент қаласында өткізілген патриоттық клиптер байқауы ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды

«Мұндай байқауларды телеарналарда патриоттық клиптерді тегін көрсету жағдайын жасау үшін өткізу керек. Қазіргі кезде эфирге тәрбиелік мақсаттардан алыс, бірақ табысы жақсы өлеңдерді қояды», - деп есептейді қазылар алқасының мүшесі, ақын және композитор Бақытжан Ауданбай.
Ол сондай-ақ байқау қатысушылары жұмыстарының деңгейі жылдан жылға өсіп келе жатқанын атап өтті. «Әрине, кемшіліктер бар. Бірінші кезекте, бұл шығармашылық ұжымдар қаржысының жетіспеушілігіне байланысты. Себебі өлеңге бейнеклипті түсіру үшін кемінде 5-6 мың доллар көлемінде ақша кетеді», - деді Б.Ауданбай.
Биылғы жылы гран-при жүлдесі 300 мың теңгені құрады. Оны Алматы қаласынан «Қайсар қазақ» әнін арқалап келген әнші Әлия Әбілқайыр жеңіп алды. Алматылық Нұрлан Еспанов бірінші орынды иеленсе, «Ардагер» әнін орындаған шымкенттік Асыл Жандәулетов екінші орынға лайық деп танылды. Үздік бейнемонтаж үшін Шымкентте жеке студиялардың бірінде жұмыс жасайтын монтаж инженері Фурхат Саипов марапатталды.
Байқауды үшінші жыл қатарынан Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет басқармасы мен ОҚО кинобейнеорталығы ұйымдастырып келеді.