Шымкент зауытындағы жарылыстан зардап шеккен жұмысшы ауруханада көз жұмды

Зардап шеккен екінші науқастың жай-күйін облыстық гипербариялық оксигенация орталығының күйік бөлімі мамандары тұрақты ауыр деп бағалауда.
«Жарылыс себебінің түрлі нұсқалары тексерілуде, оның арасында қысқа тұйықталу немесе май төгілген жерде жұмысшылардың темекі шегуі де бар. Мамандар оқиғаның мән-жайын анықтауда», - деді ОҚО ТЖД бас маманы Нұрдәулет Молданиязов.
Зауыт өкілі Екатерина Таратуеваның айтуынша, өндірістегі комиссия бұл оқиғаны мұқият зерттейтін болады, қызметкерлерге толық көлемде көмек көрсетіледі.
«Жұмыс беруші қызметкерлерге барынша қаржылай көмек беріп жатыр, барлығы заңнамаға сәйкес жүргізілетін болады. Сонымен қатар, жұмыс беруші сақтандырылған және сақтандыру ақысы төленеді», - деп атап өтті Екатерина Таратуева.
Еске сала кетсек, 20 желтоқсан күні кешке мотор майларын өндіретін «Хилл корпорейшн» ЖШС-ның зауытында жарылыс болды. Салдарынан құю стансасының 1991 жылы туған операторы оқиға орнында қаза тапты. Тағы екі адам ауруханаға жеткізген еді. Арнайы көліктер оқиға орнына 20:30-да жетіп, жалынды 10 минуттың ішінде ауыздықтады.