Шымкенте «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 480 пәтерге арналған алты тұрғын үй салынуда

ШЫМКЕНТ. 7 мамыр. ҚазАқпарат - Шымкентте «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша алты тұрғын үй салынуда.
None
None

480 пәтерге есептелген үйлерді қазан айында тапсырады. Оларға Оңтүстік Қазақстан облысының алты ауданындағы 17 елді мекеннің тұрғындарына көшу ұсынылған.

«Бұл елді мекендер экономикалық болашағы жоқ деп танылған. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасында «Еңбек қорларының жұмылдырылуын көтеру» бағыты бар. Бұл бағыт бойынша адамдарға облыс орталығына көшіп, ол жерден жұмыс табу ұсынылуда», - деді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Любовь Макашева.

Көшуді шешкен азаматтар шығындарды төлеуге арналған қаражатты да алады. Отбасы иесіне шамамен 40 мың теңге, отбасының әрбір мүшесіне - шамамен 24 мың теңге бөлу қарастырылған. Жұмыспен қамту бөлімінің мәліметтерінше, Шымкентке көшу шешімін 170-ге жуық отбасы қабылдады. «Егер көшуге ниеттенген 480 отбасы жиналмаса, қалған пәтерлерді Шымкенттің еңбек етуге жарамды тұрғындары арасында бөлуге құқығымыз бар», - деді Л.Макашева.

Ол сондай-ақ бұл пәтерлерді ала алатын азаматтардың санаттарын айтып өтті. «Оған жұмыссыздар, өз бетімен жұмыс істейтін және еңбек етуге жарамды тұрмысы төмен азаматтар, квота бойынша келген оралмандар жатқызылады. Әрі басты талап - олардың табыстары бір отбасы мүшесіне бүгінгі күні 14 776 теңгені құрайтын күнкөрістің төменгі шегінен аспауы тиіс», - деді Л.Макашева. Шымкент тұрғындарына көшу үшін төлемдер қарастырылмаған.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша үйлер республика бюджетінен (1 млрд. 100 млн. теңге) бөлінген қаражатқа салынуда.

Соңғы жаңалықтар