Шымкентте адасқан алты жасар қыздың ата-анасын іздестіруде
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте № 111 бағыттағы көлікте 6 жасар қыз адасып қалды. Ол автобуста ұйықтап қалған екен.
Өзінің айтуынша, Құрсай елді мекенінде тұрады. Сіңлісін мектептен алып кету үшін автобусқа отырған. Осылайша тәтті ұйқының кесірінен адасып қалыпты.
Оны тауып алған жас жігітке бүлдіршін өз әкесінің құрылыста жұмыс істейтінін айтқан. Сол жерге барған сәтте ешкім табылмапты.
Адасып қалған қыздың айтуынша, ол №15 мектепте оқиды. Есімі Нұргүл екен. Анасы тағы бір сәбиіне қарап, үйінде қалған. Қазір табылған қыз Әл Фараби алаңындағы полиция бекетінде отыр. Тәртіп сақшылары оның ата-анасын іздестіруде, деп хабарлайды otyrar.kz.