Шымкентте алаяқтарға алданған қарт пәтерін сатып жіберді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте алаяқтарға алданған зейнеткер пәтерін сатып, 37 миллион теңге қаражатын алаяқтар айтқан қосымша есепшоттарға аударып жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Шымкент қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасына арызданған жергілікті тұрғын алаяқтардың құрбаны болғандығын жеткізген. Ол өз шағымында, бейтаныс нөмірмен қоңырау шалған адам өзін ҰҚК-нің қызметкері ретінде таныстырып, қарияның есепшотына белгісіз адамдар кибер шабуыл жасап жатқандығын айтқан.

Тіпті, пәтерін сатып жіберуі мүмкін екендігін сендірген. Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердің бірінен қосымша шот ашып, сол шотқа барлық ақшаны аударуын сұрап, алаяқты құрықтауға уәде еткен. Күдіктінің сөзіне сенген зейнеткер, тез арада пәтерін сатып, жалпы сомасы 37 миллион теңге қаражатын алаяқтар айтқан қосымша есепшоттарға аударған.
«Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы «Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық» бойынша тіркеді. Қазіргі таңда, аталған қылмыстық іс бойынша Әл-Фараби АПБ Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерінен жедел топ құрылып, күдіктіні іздестіру шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ, қылмыскерді құрықтау мақсатында Ақтөбе және Алматы қаласының полицейлеріне жеке тапсырма берілді», - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Соңғы жаңалықтар