Шымкентте алимент қарызы 1 млн 300 мың теңгеге жеткен әке іздестірілуде
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте мыңға жуық әке алимент төлеуден жалтарып жүр. 8580 балаға төленуі тиіс берешек бұл күнде 200 млн теңгеден асып кеткен.
Өзекті мәселені көтерген өңірдің прокурорлары борышкерлерден ақша өндіру жағын қарастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Қадағалау органы өкілдерінің сөзінше, өткен жылы сот орындаушылардың қолында 8580 баланың мүддесіне қатысты 5002 атқарушылық іс болған. Сол бойынша борышкерлердің үштен екісі алименттерді орайы келген кезде ғана төлесе, 20 пайызы немесе 1000-ға жуығы әлі күнге жалтарып отыр. Мәселен, бір әкенің балалары алдындағы қарызы 1 млн 300 мың теңгеге жетіпті. Ол бұл қаражатты 2012 жылдан бері төлемеген болып шықты.
«Бұл борышкер қарызын төлемек түгілі, қашып кеткен. Қазір біз осы азаматты іздестірудеміз. Құзырлы органдарға хабар беріп, іздестіріліп жатыр. Ондай жағдайлар кездесіп тұрады. Арасында табылып, өндіріп жатқан жәйттер де болады»,- дейді жеке сот орындаушы Асхат Сатыбалдиев.
Берешегін төлемеу деректеріне талдау жүргізген прокурорлар алимент қарыздары барлардың арасында жұмыссыздар мен аморалды өмір салтын ұстанушылар , яғни маскүнемдер, нашақорлар, тұрғылықты мекені жоқ адамдар кездесіп отырғанын айтады.
«Көптеген борышкерлер табыс көзі бола тұра өз баласынан алимент төлеуден жалтарып, олар саналы түрде төлемдерден қашып келеді. Базбірі жұмыс берушімен еңбек шартын жасаспай, еңбекақыларын қолма-қол алып, кірістерін төмендетіп көрсетуде. Сондай-ақ, тексеру барысында 26 атқару құжаттары бойынша борышкердің жұмыс орны бола тұра сот орындаушылар оларға қатысты атқару құжатын жолдамаған. Ал, мемлекеттік сот орындаушылары 46 борышкердің ел аумағынан шығуына уақытша шектеу қою және оларды жеке мүліктері тексеру, тиісті жауапкершіліктерге тарту шараларын жүргізбеген»,-дейді Еңбекші ауданы прокурорының орынбасары Нұржігіт Тоқтаров.
Сондықтан прокурорлар енді қалада алименттер өндіріп алу мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңестік орган құрып, оның құрамына сот орындаушылары, жұмыспен қамту орталығы мамандары, құқық қорғау органдары, судьяларды кіргізу қажет деп отыр. Әрі бұл кеңес кемінде тоқсанына бір рет отырыс жасап, онда туындап отырған мәселерді талқылау керектігін алға тартады.