Шымкентте «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі бойында туристік кластерді дамытуға арналған жиын өтуде

Шараны ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастырып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Алқалы жиынға Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары әкімдерінің туризм саласына жетекші қызметкерлері, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм индустриясы комитетінің, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің, ҚР Құрылыс және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттігінің мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысуда. Сонымен қатар, жиынға «Нұр Отан» ХДП, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Қазақстан мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі қоры» АҚ, «Қазақстан туризм қауымдастығы» ұйымының өкілдері шақырылып отыр.
Жиын барысында осынау халықаралық дәліз бойындағы инфрақұрылымды дамыту аясында нысандар құрылысына қажетті жер телімдерін бөлу, типтік жобалар әзірлеу, туризм индустриясына қатысты құрылып жатқан нысандарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды құру шаралары талқыланатын болады. Бұдан бөлек, инвестициялық жобалар құрылысын несиелеудің пайыздық үстемелерін субсидиялау және халықаралық дәліз бойындағы туристік кешендердің құрылысы жайлы облыс әкімдіктерінің атқарып отырған жұмыстары жайында сөз болмақ. Сонымен қатар, республикалық жиын барысында «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» халықаралық дәлізі бойында «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ тарапынан салынатын қызмет көрсету нысандарының ұсынымы жайында да әңгіме өрбіп, Оңтүстік Қазақстан облысының туристік мүмкіндіктері жайлы тиісті шаралар қаралмақ.