Шымкентте дәрігерлердің кінәсінен 8 жасар бала қайтыс болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкентте ауруханаға түскен 8 жасар Әлихан Нышанғалиұлы дәрігерлердің жауапсыздығынан қайтыс болды. Бұл туралы nur.kz хабарлады.

Шымкентте дәрігерлердің кінәсінен 8 жасар бала қайтыс болды

Шымкенттегі №1 қалалық аурухана дәрігерлері ауырып келген балаға көмектесудің орнына оны ата-анасымен бірге қаланың басқа ауруханаларына баруға жол сілтеген. Диагноз дұрыс қойылмай 10 сағаттан астам әр жерге сандалған Әлихан әке-шешесінің қолында өліп кетті.

Ал денені ашып көрген мамандар егер дер кезінде балаға ота жасағанда аман алып қалуға болар еді дейді.

Дені сап-сау Әлихан түнде өзін жайсыз сезініп, іші бүріп ауырған соң ата-анасы таң ата жедел жәрдем шақыртқан. Соқырішек болуы мүмкін деп дәрігерлер оны қалалық балалар ауруханасына апарыпты. Сөйтіп, не диагноз қойылмай, не жатқызылмай жарты күн сандалтқан.

Әлиханның анасы Ақмарал Әпсеметова: «11 сағаттың ішінде 3 ауруханада болдық. Ешқандай көмек жоқ. Бір реанимацияға кіргізіп, тексерейік демеді. Дәрігерлердің ойына да кірген жоқ. Олар бізге малша қарады. Малға да жаның ашиды ғой», - дейді.

Қалалық балалар ауруханасында сол күні кезекші хирург болған Владимир Зобнин тіпті басын ала қашқан. Жауапкершілікті алғысы келмей, хәл үстіндегі Әлиханды эндокринологиялық диспансерге жіберсе, олар өз кезегінде облыстық балалар ауруханасына жөнелткен.

«Соңғы сөзі: «Мама, үйге қайтайықшы» деді. Үйге келе жатқанда, мені бір көріп қалайын деді ме, «мама» деп айғайлады. Екі көзі маған қарады, мен де оған қарадым. Сонымен, бар сөзі сол болды», - дейді ұлынан айырылған ана.

Әлихан жан тапсырғаннан кейін ғана ішін кескен дәрігерлер, ішегі түйіліп қалған деген диагноз қойған. Егер дер кезінде емдегенде аман қалады екен. Облыстық денсақтау сақтау басқармасындағылар болса, кінә өздерінен екенін мойындайды. Тіпті, айыптыларды жазалапты.

Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Балжан Исабекова: «Әлиханның ауруы негізінен ересектерде кездеседі. Балаларда тым аз кездескендіктен, дәрігерлеріміз диагноз қоя алмаған. Бірақ соған қарамастан, кезекші-хирург Зобнинді жұмыстан қудық. Тағы 5 дәрігерге қатаң сөгіс жарияладық», - деді.

Владимир Зобнинді жұмыстан қудық деп басшылары тым әсірелеп жіберген тәрізді. Ол өз еркімен қызметінен босапты. Обалы не керек, мұнан кейін дәрігер Әлиханның туыстарына келіп, кешірім сұраған.

Ал Әлиханның ата-анасы дәрігерлердің тек жұмыстан шығумен және сөгіс алумен құтылғанына риза емес.

Ай-күннің аманында ұлынан айрылған олар енді облыстың бас дәрігерінен бастап, бірнеше аурухана басшысына қатысты прокуратура мен министрлікке шағым түсірді.

Баласынан айрылған ата-ана кінәлілер барынша қатал жазаға тартылсын деп отыр.