Шымкентте электрондық жобамен 8 мыңға жуық бүлдіршін балабақшаға қабылданды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жаңа электрондық жобамен 7 972 бүлдіршін балабақшаға қабылданды. Мектепке дейінгі мекемелерге жолдама алған балғындардың саны 9 611-ге жеткен. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.  

 Шымкентте электрондық жобамен 8 мыңға жуық бүлдіршін балабақшаға қабылданды

Қала әкімдігінде өткен брифингте бөлім басшысы балаларды балабақшаға қабылдау барысында өтініштерді электрондық жүйемен қабылдаудың тиімді екендігін мәлім етті.

«Бұл жоба ата-аналарға не береді: сайтты ашқан олар перзенттерін бергісі келетін балабақша туралы барлық мәліметті оқи алады, топтардағы бос орындар мен өз кезегінің жылжуын анықтайды, кезегі келгені туралы тегін СМС-хабарлама алады. Ал ең бастысы - адами фактор мен сыбайластық әрекет толық жойылған. Ал, бөлім мамандары бұған дейін айналысқан қағаз толтырудан құтылады», - деді Жанат Тәжиева.

Жалпы, шым шаһарда баласын балабақшаға қабылдау туралы өтінішті электронды түрде 57 756 адам берген.