Шымкентте емхананың бас дәрігері пара алып жатқан жерінде ұсталды

Қалалық №2 емхананың бас дәрігері К. Ілиясова 100 мың теңге көлемінде пара алу кезінде қолға түсті.
«Оның сөмкесінен осы емхананың қызметкерлерінің есімдері жазылған бірнеше конверт табылды. Онда 61 мың теңге, 90 мың теңге, 150 мың теңге көлемінде ақша болған. Басқа сөмкеде 50 мың, 70 мың, 100 доллар болғаны анықталды», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Емханада қаражат жинау іс-әрекеті жүйелі түрде жүзеге асырылып отырғаны, бас дәрігер оны өзінің орынбасары Татыбаевамен бірлесіп іске асырғаны аталып өтілді.
Тергеу материалдары бойынша, бас дәрігер өзінің орынбасарына әрбір медицина қызметкерінен олардың лауазымдық қызметіне байланысты белгілі сомада қаржы жинауды, сонымен қатар, еңбек сыйақысы ретінде түскен қаражатты да жинауды тапсырған. Олар ғимаратты жөндеу жұмыстарына, тексерушілер үшін және тағы басқа сылтауларды айтып, қызметкерлерден 5 мыңнан 150 мың теңгеге дейін ақша жинап, өз қалталарына басқан.
Аталған фактіге сәйкес ҚР ҚК 366-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бас дәрігер сот шешімімен тергеу уақытында кепілдік төлеу арқылы босатылды.