Шымкентте Гете атындағы саябақ салынбақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Германия Федеративті Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рольф Мафаэлмен кездесті, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
None
None

Кездесу барысында қос тарап өзара ынтымақтастық тетіктері жайын талқылап, екіжақты қатынастарды дамыту туралы пікір алмасты.

Өңір басшысы Германияны  Қазақстанның Еуропадағы саяси және экономикалық әріптесі деп санайтындығын, барлық салада ынтымақтастық байланысты дамытуға ынталы екендігін жеткізді.  Сондай-ақ, әкім  биылғы жылдың 9 айында  Оңтүстік Қазақстан облысы мен Германия арасындағы тауар айналымы 30  млн АҚШ долларына жетіп,  оның 27 млн долларын импорт құрап отырғанына тоқталды.  

«Германия - Қазақстанның негізгі сауда әріптесі. Екіжақты қарым-қатынастар тәжірибесі Германияның сенімді серіктес әрі тұрақты инвестор екендігін аңғартады. Біз германиялық инвесторлардың жаңа технологиялар әкеліп бірлескен өндіріс орындарын ашу үшін бар мүмкіндіктерді жасауға дайынбыз.  Бүгінде өңірімізде инвесторларға  тиімді жағдайлар жасалып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысының географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы - аймағымызға инвестиция тарту үшін оң жағдайды қалыптастырады. Мен осы ретте германдық кәсіпкерлермен тың жобаларды іске асыруға мүдделі екендігімізді жеткізгім келеді. Сондықтан сіздерді экономикамыздың түрлі саласында бірлесіп еңбек етуге шақырамын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өз кезегінде неміс  елшісі Оңтүстік Қазақстан облысы Еуроодақ елдерінің қызығушылығын оятқан экономикалық аймақ екенін атап өтті. 

 «Биыл Қазақстан мен Германияның арасында дипломатиялық қатынастың орнатылғанына 25 жыл толып отыр. Бүгінде біз қазақ-неміс қатынасы жоғарғы даму деңгейіне жеткенінің куәсі болып отырмыз.  Екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруда Оңтүстік Қазақстан облысының да қосып отырған үлесі мол. Сіздердің өңірлеріңіз аграрлық аймақ саналғандықтан алдағы уақытта осы және мәдениет, білім, денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықты арттыруға күш салатын боламыз», - деді Рольф Мафаэл. 

Айта кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында германиялық әріптестердің қатысуымен бірқатар өндіріс ошақтары жұмыс істейді.  Олардың қатарында «Промондис Казахстан», «ODDESSEZentralsien» ЖШС-лары мен   «Шымкентцемент» АҚ да бар.

Кездесу барысында облыс әкімі елшіге Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірімізде туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Осы ретте өңір басшысы немістің ұлы ақыны Гете мен қазақтың ұлы кемеңгері Абайдың рухани байланысына тоқталып, Гетеден аударып, әнге ұластырған қазақ ақынының «Қараңғы түнде тау  қалғып»  өлеңін жатқа оқып берді. Сондай-ақ әкім екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мақсатында алдағы уақытта Шымкентте Гете атындағы  саябақтың іргетасы қаланататынын жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар