Шымкентте индустрияландыру картасы аясында 29 жоба іске асырылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәлім етті, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.

Шымкентте индустрияландыру картасы аясында 29 жоба іске асырылмақ

Қала әкімінің айтуынша, биыл өнеркәсіп саласында 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрайтын 29 ірі жоба Индустрияландыру картасы аясында іске асырылмақ. Одан бөлек, инвесторларды ынталандыру мақсатында «Тассай» және «Жұлдыз» елді мекендерінен 2 индустриялық аймақ құру жоспарланған.
Қалада шағын және орта бизнес қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі екенін айтқан әкім бүгінде шаһарда 348 өнеркәсіп кәсіпорындары, 73 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері бар деді.
«Осы саланы одан әрі дамыту үшін қала әкімдігі бірнеше бағытта жұмыстар атқаратынын айтты. Мәселен, әкімшілік тосқауылдарды жою үшін жергілікті атқарушы органдар деңгейінде арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп жатыр. Екінші, қала экономикасындағы ең тартымды салаларға инвестициялар тарту. Яғни, отандық және шетел инвесторларын тарту үшін кемінде жылына 20 жобаны іске асыру. Үшінші, кіші және орта бизнесті ынталандыру. Бұл бағытта кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен бірлесіп, старт-ап жобалар әзірленеді. Олар кәсіпкерлерге ұсынылып, қызығушылық танытқандарға жергілікті әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетін болады», - деді қала басшысы.
Баспасөз мәслихатында өткен жылғы көрсеткіштерге тоқталған Ғ.Әбдірахымов өнеркәсіп өнімінің көлемі 289 млрд. теңгені құрап, 3,7 пайызға, ауылшаруашылық өнім көлемі 9 пайызға, инвестициялар көлемі 2 пайызға артқандығын баяндады.