Шымкентте инвесторлар 17 жобаға қызығушылық танытты
«ОҚО-да локомотивтік жобаларды анықтау және оларға инвесторларды тарту бойынша ауқымды жұмыс жасалғаны байқалып тұр, - деді ҚР Ұлттық кәсіпкерлер басқармасы төрағасының орынбасары Гүлнұр Құрбанбаева. - Әрине, бұл үшін экономикалық көрсеткіштер, аудандар әлеуеті, өңірдегі табиғи шикізат қорлары терең, жіті талданды. Бұл жерде кәсіпкерлер мен инвесторлар бір-бірін тапты».
ОҚО Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі көрме барысында палата жобаны іске асыруға Малайзиядан, Ресейден инвесторлар тартқан локомотивтік жобалар бойынша бірқатар уағдаластықтар жасалғанын атап өтті. Мысалы, «Москворецкий» сауда үйі Шымкентте біздің кәсіпкерлермен бірлесіп Ресей нарығына шығатын ет комбинатын салуға ниетті.
Ал, малайзиялық «MARDITECH" компаниясы ОҚО-да халықаралық деңгейдегі халал өнімдері орталығын құруға инвестиция салмақ. Бұдан басқа, «КИРИ» АҚ, «ҚазЭкспортГарант», «Аласио Капитал» компанияларымен және ЕҚДБ банкімен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бұл құжаттар қазақстандық өңделген экспортты жылжыту және өңір экономикасының шикізаттық емес секторына тікелей шетел инвестициясын тартуға көмектеседі.