Шымкентте кәсіпкерден 100 мың доллар бопсалаған төрт күдікті ұсталды

2016 жылдың 14 желтоқсанында ОҚО ІІД Ұйымдасқан қылмыстық топқа қарсы күрес басқармасына 35 жастағы қала тұрғыны шағымданған. Ол өз арызында белгісіз тұлғалардың қомақты қаражат талап етіп жатқанын жазған.
«Шұғыл із кесу шаралары барысында қаладағы көшелердің бірінде тәртіп сақшылары кәсіпкерден ақша алып тұрған жігіттерді қолға түсірген. Сезіктілердің екеуі оңтүстіктен, ал, қалған екеуі Маңғыстау өңірінің тұрғыны болып шықты», - делінген баспасөз баянында.
Айта кетерлігі, күдіктілердің бірі тіпті Ішкі істер министрлігінің арнайы есебінде тұрған көрінеді. Бопсалаушылардан айғақты зат ретінде 190 мың теңге тәркіленді. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті.
Алмас Сұлтан