Шымкентте көліктерді ұрлап, бөлшектеп сатқан күдікті ұсталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласына қарасты Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жыл басынан бері жоғалған 5 көлікті тауып, осы қылмыстарға қатысы бар деген екі күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаңтар айының басында 36 жастағы Ордабасы ауданы тұрғынының «ВАЗ-21099» маркалы автокөлігін белгісіз тұлғалар айдап кеткен. Уақыт өте полицейлер ұрланған автокөлікті Шымкент қаласындағы гараждардың бірінен табады. Алайда құны 250 мың теңгелік көлік қосалқы бөлшекке бөлініп, біраз бөлшегі сатылып кетіпті. Жедел іздестіру шарасы кезінде көлікті 1989 жылы туылған қала тұрғынының ұрлағаны анықталды. Өз кінәсін толық мойындаған күдікті бұған дейін де автокөліктерді ұрлап, қосалқы бөлшектерге бөліп сатып отырғанын айтқан. Ал түскен қаржыны өз қажеттілігіне жұмсапты.
Бұдан өзге Әл-Фараби полиция бөліміне тағы төрт азамат көліктерінің қолды болғанын айтып, арызданған. Ұрланған көліктерді іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары бейне бақылау камералары арқылы күдіктінің ізіне түскен. Ол 1993 жылы туылған , бұрын сотталған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Күдіктіден жауап алу барысында ол автокөлікті заңсыз айдап кетудің 4 дерегіне қатысы бар екенін мойындаған. Айтуынша ең соңғы қылмысын 22 қаңтар күні жасаған. Мас халде болғанына қарамастан түнгі уақытта қала көшелерінің жиегінде тұрған «Опель» маркалы автокөлікті айдап кетеді. Сөйтіп, шаһар ішін сол көлікпен аралап жүріпті.
«Күдіктілер қолдарына әр түрлі кілттер алып алып, автокөліктердің құлпын ашу арқылы алып кетіп отырған. Қазіргі таңда екі күдікті де тергеу абақтысына қамалып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», -деді Шымкент қалалық Әл-Фараби аудандық тергеу бөлімінің бастығы Нұрсұлтан Әшімов.
Айғақ зат ретінде тәркіленген автокөліктің қосалқы бөлшектері мен ұрланған көліктерді полицейлер заңды иелеріне қайтаруда.
Айнұр Ақбаева