Шымкентте кондуктор ҰОС ардагерін автобустан қуып шықпақ болды

Бейнежазба instagram желісіндегі zhest_kz парақшасында жарияланды. Бейнетүсірілімнің авторы оның шым шаһардағы 70-ші автобуста болғанын айтады. Екіншідүниежүзілік соқысына қатысушы деген куәлігін көрсеткеніне қарамастан кондуктор оны автобустан қуып шықпақшы болады. Тіпті оған дөрекілік көрсетіп, күш көрсетемін деп қорқытқан. Бұл жағдайды көріп отырған жолаушылардың бірі кондуктор әйелге дөрекілік көрсетпеуін айтып, ол кісінің соғыс ардагері екенін алға тартқан. Соған қарамастан билет таратушы келіншек «бұл кісіге үндемесем, анау басқалары отыр, олар да шығады» деп жауап қайтарған.
Шу басылмаған соң автобустағы жас жігіт қарияға жол ақысын төлеп, оған «Ата уайымдамай отыра беріңіз, мен сіз үшін төлеп қойдым» деп айтқан. Осыдан кейін барып кондуктор әйел жөніне кеткен. Осынау көрністі әлеуметтік желіден көргендер түрлі пікір қалдырыпты. Көпшілігі кондуктор әйелдің дөрекілігіне қатысты сын айтса, ендігілері олардың тиін үшін бәріне дайын екенін жазған.
Тағы бір пікірін білдірген азамат мұндай жағдай соңғы кезде жиіліп бара жатқанын, жасы үлкен кісілерге құрмет көрсетілмейтініне қынжылады. Желі қолданушылар қалай болғанда да қала басшылығы бұл жағдайды аяқсыз қалдырмайды деп үміттенеді.