Шымкентте көпір құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкенттегі Оңтүстік шағынауданы мен қала орталығын байланыстыратын көпірдің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды otyrar.kz.
6 жолақты теміржол өткелінен автокөліктер емін-еркін жүре бастады. Көпірді қайта құру жұмыстары 2014 жылы басталған болатын. Енді осы өткел арқылы екі жыл бойы жаяу қатынаған шымкенттіктердің қуанышында шек жоқ.
Жергілікті билік қалалықтар қиналмасын деп, 1 қыркүйек күні көпірдің бір бөлігін пайдалануға берген еді. Өйткені, қалаға келіп-кету тұрғындарға қиындық тудырған болатын. Одан бері екі ай өткеннен кейін бұл көпірдың құрылысы толық аяқталды.
Мердігер «Береке А» корпорациясы 1 млрд. теңгеден астам қаржыға ұзындығы - 500, ал ені 24 метрлік көпір салды. Кеңес дәуірінен күрделі жөндеу көрмеген ескі көпірдің ені бұрын 8 метр ғана болатын. Тар өткелден қозғалған көліктер жиі кептеліп, апаттар да орын алатын. Енді мұнда көліктерге де, жаяу жүргіншілерге де емін-еркін жүруге мүмкіндік бар.
Құрылыс екі жыл жүргізілді. Оңтүстік шағынауданы тұрғындарынан бөлек бұл жолдың ашылуын төлебиліктер де асыға күтті. Оларды да облыс орталығымен байланыстыратын ең ыңғайлы жол осы болып тұр.