15:45, 15 Қаңтар 2019 | GMT +5
Шымкентте көше сыпырушыны автобус қағып кетті
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Шымкентте көше сыпырушыны автобус қағып, мерт қылды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бүгін таңғы сағат 8:00-дер шамасында Темірлан тасжолының бойында болған. «Jac» автобусының жүргізушісі көше сыпырушыны қағып кеткен. Ол алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды. Аталған жәйт бойынша Қылмыстық кодекстің 345 бабы, 3 бөлігі «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
«Автобус айып тұрағына жеткізілді. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады»,- делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Иллюстрациялық фото