21:43, 19 Ақпан 2018 | GMT +5
Шымкентте күдікті 2 танысын пышақтап кетті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттің Абай ауданында пышақпен ауыр дене жарақатын салу қылмысы тіркелді. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Абай ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде үш адам спирттік ішімдік ішіп отырып, өзара жанжалдасып қалады. Олардың бірі 45 және 25 жас шамасындағы таныстарына пышақпен дене жарақатын салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Алған дене жарақаттарының салдарынан 45 жас шамасындағы азамат көз жұмған, екінші жәбірленуші жансақтау бөлімінде жатыр.
Жедел іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары осы қылмысқа қатысы бар деген күдіктіні артынша қолға түсірді. Ұсталған 55 жастағы сезіктінің бұрын сотталғаны белгілі болды.
Қазір ауыр қылмыс бойынша Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.