Шымкентте құрылыс комбинатын ашу көзделіп отыр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - «Шымкент - үшінші мегаполис. Сол себепті, мұндағы құрылыс та Астанадағыдай қарқынды жүргізілуі тиіс. Оған шым шаһардың базалық әлеуеті жетеді.

Шымкентте құрылыс комбинатын ашу көзделіп отыр

Мәселен, облыс орталығындағы «Оңтүстік құрылыс сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өзі жылына 150 мың шаршы метр тұрғын үй салуға қауқарлы. Өндіріс орнының бірнеше қызмет түрімен айналысуға мүмкіндігі бар. Атап айтқанда, темір-бетон бұйымдарын жасап шығаруға, құм, қиыршық тас қоспаларын өндіруге, металл құрылғыларды жасауға, пластикалық бұйымдар шығаруға қабілетті.

«Бүгінде зауытта 14-тен астам адам жұмыс істейді. Темір-бетон бұйымдарының елуден астам түрі шығарылады. Мемлекеттен алынған көмектің әсерінен 2013 жылмен салыстырғанда 2014-15 жылы өнімділік 20 пайызға өскен болса, 2015 жылы 35 пайызға тауар өнімділігі артып отыр»,- дейді «Оңтүстік құрылыс сервис» ЖШС-нің директоры Әлімжан Құртаев.

«Оңтүстік құрылыс сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіріс орнын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді кеңінен қолға алып отыр. Жаңа ашылған екінші өндіріс цехы түгелдей дерлік автоматтандырылған. Мұндағы жұмыстың бәрі роботтық жүйемен атқарылады. Цех басшысы Құрманәлі Жақыповтың айтуынша, мұнда техниканың бәрі инновация бойынша жүйеленген. Бұл жерде қол күші өте аз. 20 -30 адам істейтін жұмысты 4-5 адам ғана атқарып шығады. Бір ауысымда күндігіне 3 мың, 3,5 мың блок шығарылуда. Бүгінде зауыттың темір-бетон бұйымдарына деген сұраныс өте жоғары. Облыстағы белді құрылыс компанияларының бәрі өздеріне қажеттіні осы жерден алады. Кәсіпорын келешекте тұрғын үй салатын құрылыс комбинатын ашуды көздеп отыр. Оған өндіріс орнының мүмкіндігі мол, базалық әлеуеті де жеткілікті, деп хабарлайды shymkenttv.kz.