Шымкентте он айдың ішінде қаңғыбас иттерден 3785 қала тұрғыны зардап шекті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы он айдың қорытындысында қаңғыбас иттерден зардап шеккен қала тұрғындардың саны - 3785. Былтырғы жағдайды салыстырып қарайтын болсақ, бұл тәуір көрсеткіш.

Шымкентте он айдың ішінде қаңғыбас иттерден 3785 қала тұрғыны зардап шекті

Қалаға жаңадан қосылған елді мекен тұрғындарын да қоса есептегендегі жағдай бұл.

Шымкент қалалық әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте осы мәселе кеңінен сөз болды. Қаңғыбас иттерді аулаудың барысы, зардап шеккен тұрғындарға қандай көмек көрсетіліп жатқаны да айтылды. Қаланың аумағы үш есеге ұлғайғанына қарамастан, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда зардап шеккен тұрғындардың саны он алты пайызға кеміп отыр. Яғни, былтыр 4401 адамды ит қапқан. Бүгінде мемлекет тарапынан қаңғыбас иттерді жоюға, құтырудың алдын алуға қарсы жұмыстарға тиісті қаражаттар толығымен игерілген. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбайдың мәлімдеуінше, биыл қаңғыбас иттерді аулауға бюджеттен отыз бір миллион теңге бөлінген. Алты бригада күнделікті жұмыс атқаруда. Бөлім басшысы қосымша жергілікті мәслихаттан тағы алты миллион бөлуді қарастыруды ұсынатынын да айтып отыр. Ол жұмысты одан әрі жандандыру үшін керек, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.