Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шымкентте өзге ұлт өкілдерінің 80 пайызы мемлекеттік тілді біледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкентте өзге ұлт өкілдерінің 80 пайызы мемлекеттік тілді біледі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы өзбек этномәдени орталығының басшысы Икрам Хәшімжанов хабарлады.

Шымкентте өзге ұлт өкілдерінің 80 пайызы мемлекеттік тілді біледі

«Біздің өңірде 2 млн. 735 мың халық қоныстанған болса, 100-ден астам өзге ұлт өкілдерінің 80 пайызы мемлекеттік тілді біледі. Бүгінгі таңда олардың басым бөлігі балаларын қазақ мектептеріне беруде. Оңтүстік Қазақстанда мемлекеттік іс қағаздардың 100 пайызы қазақ тілінде жүреді. Этномәдени бірлестіктер мемлекеттік тілде түрлі іс-шаралар мен форумдарды өткізіп келеді», - дейді И.Хәшімжанов өңірдегі қазақ тілінің даму барысы жайында қозғаған әңгімесінде.

Сонымен қатар облыста этномәдени бірлестік қазақ тілін жақсы меңгерген жастарға университет гранттарын үлестіруді дәстүрге айналдырған.

«Оңтүстік Қазақстан облысын елдің қаймағы бұзылмаған өңірі деп бекерге айтпайды. Онда тұратын барлық этностардың өкілдері қазақ тілін өте жақсы меңгерген. Қазіргі уақытта 11 сынып оқушылары жыл сайын «Мемлекеттік тіл - халықтар достығының дәнекері» атты байқауға қатысып, біздің этномәдени бірлестіктің сертификаттарына ие болады. Бір жылда осындай 10-15 сертификат береміз. Халықаралық қазақ-түрік университетінен, М.Әуезов атындағы мемлекеттік университінен, Қазақстан Достық университінен, Мардан Сапарбаев атындағы институттан, Инновациялық Шымкент институтынан осындай гранттар беріледі. Бұл мектеп бітіріп отырған өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құштарлығын арттырады», - деп атап өтті ол.