Шымкентте шағын футболдан республикалық турнир өтті
Олар ақтық сында Созақтан шыққан Аймұрзаевтарды 1-0 есебімен ұтты. Салауатты өмір салтын насихаттау арқылы елімізде отбасы құндылықтарын сақтауға, бауырмалдық қарым-қатынасты нығайтуға болады. Ұйымдастырылған футбол додасына// елімізге танымал бірқатар отбасылар қатысты. Олардың қатарында даңқты футболшы Жамбыл Көкеев, Қайсар Аймұрзаев, Ғалым Есенбаев бастаған командалар мен Тілешовтер, Иманғалиевтер отбасылық тобы бар.
Осыдан 16 жыл бұрын республикалық «Спорт и КС» газетінің бас редакторы, белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбаев қолға алған бәсекеге еліміздің барлық облысынан 30-ға жуық команда қатысты. Тіпті, көрші Өзбекстан елінен 2 отбасы арнайы келді. Дегенмен, олардың жолы болмады. Іріктеу сайыстарынан сүрінбей өткен Жолдасовтар мен Аймұрзаевтар ақтық сында кездесіп, Нұрболат Жолдасовтың салған жалғыз голы әулетке жеңіс сыйлады. "Бір атаның балалары футбол ойнайды" атты отбасылық жарыстың Көкеевтерге арналған доп додасы емес екенін Аймұрзаевтар мен Жақсылықовтар дәлелдеп берді. Жартылай финалда Аймұрзаевтар ойынның соңғы минутында есепті теңестіріп, пенальтиден жеңісті жұлып кетті. Үшінші орын үшін болған сайыста Жамбылдан келген Жақсылықовтар Көкеевтерді 3-1 есебімен ұтты. Осыған дейін алты рет бас жүлдені жеңіп алған Көкеевтер төртінші орынды қанағат етті. Чемпион атанған Жолдасовтардың құрамасында бірде-бір кәсіби футболшы жоқ. Бірақ олардың бойында намыс атойлап тұр. Жеңіске деген жігер бар. Ойын барысында қарсыластар қаншама құлатып жатса да, сағы сынбай, қасқайып тұра берді. Осылайша, Қазығұрт ауданындағы Тұрбат ауылынан шыққан ауылдың өр жігіттері республикалық жарыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Команда капитаны Құрман Жолдасов үздік футболшы атанды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Балғабай Елшиев пен Рио олимпиадасына жанкүйерлер құрамында қатысқан Дилдахан Исабеков пен Әбдімәжит Сыздықбековтер арнайы жүлде табыс етті.