Шымкентте сотталған нигериялықтарға қатысты үкім өзгертілмеді
Айта кетейік, Нигерия Республикасы азаматтары Обах Жозефат пен Нвоке Екендиричук 2016 жылдың қыркүйек айында жалған ақшамен алаяқтық жасау кезінде ұсталған болатын. Тергеу барысында олардың Шымкент қаласының тұрғыны «А» деген азаматпен танысып, оған инвестициялық жобалар болса көлемді қаражат құятынына сендірген. Сөйтіп, инвестициялық жобаға құятын 8 млн. АҚШ долларын кеден органдарынан байқаусыз алып өту үшін қара бояуға боялғанын, оны кәдімгі долларға айналдыру үшін нағыз АҚШ доллары қажет екендігін айтқан. Кейіннен жәбірленушінің сеніміне кіріп, соңғының 16 мың АҚШ долларын алдап алуға оқталуы барысында құқық қорғау органдарымен ұсталған болатын.
Жасаған қылмыстары үшін олардың үстінен ҚК-тің 24 бабы 3 бөлігі арқылы, 190 бабы 4 бөлігінің 2 тармағымен іс қозғалып, Әл-Фараби аудандық соты қос шетелдікті 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырған. Алайда кейіннен Рақымшылық заңына сәйкес олардың жазалары біршама жеңілдетілген. Соған қарамастан нигериялықтар облыстық соттың аппеляциялық алқасына шағым түсіріп, үкімді қайта қарауды сұраған еді.