Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шымкентте стэнд атудан жазғы спартакиада өтіп жатыр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте стэнд атудан Қазақстан Республикасының IV жазғы спартакиадасы өтіп жатыр. Дүбірлі жарыста еліміздің ең үздік сұрмергендері 125 оқтың жүзін дәл тигізу үшін нысанаға оқ атуда. Сайыс скит, трап, дубль-трап сынды үш санатта өтуде.

Шымкентте стэнд атудан жазғы спартакиада өтіп жатыр
Жарысты ұйымдастырушылардың бірі - Азия ойындарының жеңімпазы Оксана Середа. Ол Шымқаланы шартарапқа таныту үшін 15 мемлекетте халықаралық жарысқа қатысып, елге жүлдесіз оралмаған саңлақ спортшы. Жат елде жүріп халықаралық спорт шебері деген құрметке де ие болған. Енді жиған тәжірибесін жастарға үйретіп, өңірде стэнд ату спортының дамуына үлес қосып, ең үздік сұрмергендерді іріктеу үшін арнайы жарыс ұйымдастырып отыр,- деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Оксана Середаның айтуынша, Оңтүстік Қазақстан еліміздегі стэнд атудан спортшыларды дайындайтын негізгі орталыққа айналып отыр. Себебі бұл спорт түрін дамытуға барлық жағдай жасалған. Енді тек жоғары нәтиже көрсету міндеті тұр.

«Біз 14 жастан бастап балаларды дайындап жатырмыз. Себебі суық қаруды ұстап, оқ ату олардан жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан әрдайын бақылап отырамыз»,-дейді «Атыс спорты түрлерінен олимпиадалық даярлау орталығы» директорының орынбасары Асан Әуесханов.

Еліміздің 8 облысынан 100-ге жуық оқ атушылар бақ сынап жатқан жарыста алғашқы күннің қорытындысы бойынша Астана мен Алматының мергендері жоғары ұпайға қол жеткізді. Атыс спорты түрлерінен олимпиадалық даярлау орталығы мамандарының айтуынша бұл жарыс 2018 жылы өтетін әлем чемпионатына дайындық. Сондықтан төрешілер спортшылардың шеберлігін шыңдап, жоғары дәрежелі сұрмергерді анықтау үшін үздіксіз дайындық жұмыстарын жүргізуде.