Шымкентте Т. Дүйсенова денсаулық сақтау жүйесі мен әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесін талқылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкент қаласына екі күндік жұмыс сапары аясында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова қала тұрғындарымен кездесіп, жаңа Еңбек кодексінің нормаларын түсіндірді. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланды.
Сонымен қатар, азаматтық қызметшілердің еңбекақы төлеу жүйесіндегі өзгерістер туралы, 2016-2019 жылдарға арналған ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы және әлеуметтік қамсыздандыру жайында айтып берді.
15 қараша күні министр облыстық онкологиялық диспансерге, кардиологиялық орталық пен балалар емханасына барды.
Атап айтқанда, бүгін бюджеттік сала қызметкерлерімен кездесу барысында Тамара Дүйсенова Шымкент қаласының тұрғындарына 2016 жылдың 1 қаңтарынан енгізілетін азаматтық қызметшілердің еңбекақысын төлеу жүйесінің жаңа үлгісі туралы айтып берді. Аталған үлгіде азаматтық қызметшілерді біліміне, біліктілігіне, атқаратын қызметінің күрделілігі мен дәрежесіне қарай төрт санатқа бөлу көзделген: ұйымның даму стратегиясы үшін жауап беретін және басқару шешімдерін қабылдайтын басқарушы A блогы; ұйымның негізгі функцияларының іске асырылуын қамтамасыз ететін негізгі B блогы; әкімшілік-құқықтық және шаруашылық функцияларын орындайтын әкімшілік C блогы; қосалқы және техникалық функцияларды іске асыратын қосалқы D блогы.
Еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа үлгісін енгізгеннен кейін біліктілігіне байланысты негізгі қызметкерлер жалақысының сараланып арттырылуы күтіледі: - денсаулық сақтау саласында - 7% -дан 28%-ға дейін; білім беру саласында - 15%-дан 29%-ға дейін; өзге салаларда - 28%-дан 40%-ға дейін.
Сондай-ақ, қызметкердің білім, біліктілік деңгейіне, еңбек өтіліне және басқа да өсім сараланатын болады
Министр жергілікті атқарушы органдарына әрбір жұмыспен қамтылған азаматқа зейнетақы аударылымдарының түсіп тұруын бақылау қажеттілігін атап айтты.
Мұнымен қоса, Тамара Дүйсенова ҚР ДСӘДМ Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының облыстық филиалы мен бөлімшелерінің, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті аймақтық департаментінің, медициналық-әлеуметтік сараптау бөлімдерінің, еңбекті қорғау бойынша республикалық ғылыми-зерттеу институты филиалының басшыларымен, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен, зейнеткерлермен, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу барысында арнайы әлеуметтік көмек туралы түсіндіріп берді.
Естеріңізге сала кетейік, 10-11 қараша күндері министр Астана қаласында, 12-14 қарашада Алматыда түсіндіру кампаниясын өткізген болатын. Қараша айының соңына дейін Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен Ақтөбе және Павлодар қалаларына барады деп күтілуде.