Шымкентте Тоқтар Төлешовтің ісінде өзгерістер болды
Қорғаушының сөзінше, баптардың бұлайша өзгеруіне сотта айыпталып жатқан салық қызметкерлерінің қылмыстық әрекеттері қайта саралануына байланысты болған. Яғни, оларға тағылған айыптар Қылмыстық кодекстің 366-бабы «Пара алу» бойынша емес, 361-бабының 2-ші бөлігі «Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалануға» өзгертілді. Соған сәйкес, Төлешовке тағылған айып Қылмыстық кодекстің 367-бабынан 250-бапқа ауыстырылған.
Мархаба Жақыпова сондай-ақ сыра зауытының мемлекетке 1 млрд теңгеден астам қарызданып қалуын Тоқтар Төлешов білмегенін алға тартады. Оны қаржылық жұмыстарын жүргізген есепшілер білген деп отыр.
Еске сала кетсек, «Сыра королі» Тоқтар Төлешов пен оның сегіз сыбайласына қатысты сот отырысы 10 шілдеде басталған болатын. Төлешовтің ісі бойынша өтіп жатқа сотта тағы сегіз адамның ісі қаралуда. Олардың қатарында Шымкент қаласының Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының 4 қызметкері мен сыра және шыны шығаратын зауыттың есепшілері, сыра зауыты директорының бұрынғы орынбасары мен жергілікті кәсіпкер бар.