Шымкентте ҰОС ардагерлеріне тіс емханасында тегін емделуге мүмкіндік беретін сертификаттар табысталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлері тістерін бір жыл бойы тегін емдеу мүмкіндігіне ие болды.
Соғыс ардагерлеріне тістерін тегін емдету және протездету сертификаттарын қалалық әкімдік қызметкерлері табыстады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен. Мұндай сертификаттарды бірінші болып 10 адам алды, ол Жеңіс күніне дейін тағы 192 ардагерге берілмек.
«Бұл күтпеген тосынсый болды. Қазіргі кезде стоматолог мамандарға бару қымбатқа түседі», - дейді соғыс ардагері Александр Васильевич Буров. Акция аясында «Мастер дент» емханасы ардагерлер кеңесімен меморандумға қол қойды. Кәсіпкерлер аталған акцияға қазақстандықтарға бейбіт аспан сыйлаған ардагерлердің жауынгерлік ерліктеріне алғыс білдіру белгісі ретінде қатысып отырғандарын айтады.