21:15, 09 Қазан 2013 | GMT +5
Шымкентте заңсыз цехта консервіленген қиярлар жасалған
ШЫМКЕНТ. 9 қазан. ҚазАқпарат - Шымкент прокурорлары «Көкөніс-пром» кәсіпорнына оқыстан тексеріс жасап, лас жерде банкіге қияр жауып отырған 40 жұмысшының үстінен түсті.

Бір де бір жұмысшының санитарлық кітапшасы болмаған. Тексерушілер келген сәтте 200 мың банка консервіленген қияр өткізуге дайын тұрған. Прокурорлар өнімнің сәйкестік сертификатының сондай-ақ, зауыттың өзінің жұмыс істеуіне санитарлық эпидемиологиялық станцияның рұқсаты жоқ екенін анықтады.
Сонымен қатар, тексеру кезінде үш жыл бұрын жарамдылық мерзімі өтіп кеткен 100 мың банка ираннан шығарылған қияр табылды. Прокурорлар бұл банкаларға «кәсіпкерлер» жаңа заттаңбаларды жабыстырып, сатуға жібермек болған деп күдіктенеді. Қазіргі уақытта прокурорлар қауіпті банкалардың Шымкент дүкендері мен базарларына түскен-түспегенін анықтауда.
Табылған тауардың барлығы тәркіленді, цехқа сүргі соғылды. Кәсіпкерлерге айыппұл жазасы тағайындалмақ.