Шымкентте заңсыз құрылыс нысандарының иелеріне 12,1 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған

Сонымен қатар облыс бойынша инфрақұрылым жүйелерінде, өзен қорғау аймақтары мен белдеулерінде заң талаптары сақталмай салынған 5602 құрылыс нысандары белгілі болған. Брифингте сөз алған облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев басқарма тарапынан облыс аумағында мемлекеттік құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарын бұзып жүргізген 197 құрылыс нысанына қатысты тексеру тағайындау актілері ашылып, 107 нысанға әкімшілік іс қозғалғанын мәлім етті. Оның ішінде 30 құрылыс нысанына жерге тиісті құқығы болмағандықтан, оларды бұзу үшін сотқа құжаттар жолданған. Сонымен қатар заң талаптарын бұза отырып салынған 79 нысанға әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып 17,7 млн. теңге айыппұл салынған. Ал Шымкент қаласы бойынша заң талаптарын бұза отырып салынған 43 нысан қожайынына 12,1 млн. теңге айыппұл салынған. «Осы жылдың сәуір айынан бүгінгі күнге дейін жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау бөліміне мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан жалпы саны 717 хат пен арыз-шағымдар келіп түскен. Аталған арыз-шағымдарды қарау барысында заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды, жеке және заңды тұлғаларға 74 факті бойынша әкімшілік іс қаралып, жалпы сомасы 6 млн. 500 мыңға жуық айыппұл салынды. Оның бүгінде 2 млн, 700 мыңға жуық теңгесі өндірілді»,- деді облыстық жер қатынастары және жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Серік Тұрбеков. Баспасөз мәслихатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров шаһарда мемлекеттік құрылыс нормалары мен ережелерінің және Жер Кодексінің талаптарын сақтамай салынған құрылыс нысандарына жүргізілген рейдттік шаралар нәтижесінде 282 нысан анықталғанын хабарлады. Сонымен қатар облыста заңсыз құрылыс нысандарының қожайындарын анықтап, құжаттарының құқықтық сәйкестігін тексеретін арнайы топ жұмыс істеуде. Айта кетсек, өңірде заң талаптарына және құрылыс нормалары мен ережелеріне сай 1022 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде бюджеттік нысандардың саны 644 болса, коммерциялық ғимараттар 458-ді құрайды.