Шымкентте жол жиегіне салынған 125 үй сүріледі

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жол жиегіне салынған  51 үй мен бірқатар нысандар сүрілетін болды.
None
None

Самал мөлтекауданын қиып өтетін Арғынбеков көшесі үш шақырымға созылып, Темірлан тасжолына қосылады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың жолдарды аралап көруі барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Шаһардағы көптеген көлік кептелістерінің алдын алатын маңызды жолдың құрылысына биылғы жылы 1,5 млрд. теңге қаралып отыр. Жұмысты атқару мерзімі 16 ай деп көрсетілген. Алайда, өңір басшысы құрылыстың ұзақ уақыт жүргізілетінін ұнатпады.

«Сіздер үш шақырымдық жолды 16 ай көлемінде саласыздар ма? Қазірдің өзінде біраз мәселелері шешіліп отыр. Сондықтан жұмысты тездетіп жүргізулеріңіз керек. Олай болмаған жағдайда мердігерді ауыстыруымызға тура келеді»,-деді Ж.Түймебаев.

Қазір сүрілетін үйлердің жері  мемлекет меншігіне қайтарылуда. Баспаналардың иелеріне тиісті өтемақы берілмек.

«Жоспарға сәйкес, сүрілуге жататын үй иелері заң талаптарына сай өтемақы алатын болады. Егер тұрғындар келіспеген жағдайда бұл мәселелер сотта қаралады. Әзірге 51 баспананың 23-ін кері қайтарып алу  шаралары шешімін тапты»,-деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев.

Ал үйлері сүрілуге жатпайтын тұрғындарға қала көркін бұзбау үшін жол жиегіндегі қоршауларын ретке келтіру тапсырылды. Сала мамандары  сондай-ақ Қонаев даңғылын Бадам өзеніндегі көпірге дейін созу үшін 74 үй мен бірқатар кәсіпкерлік нысандардың сүрілетінін атап өтті.

Қаланың бас сәулетшісі Нұрлан Архабаевтың сөзінше, қазір басты мәселе жолдардағы көлік кептелісі проблемасын шешіп, олардың шаһар сыртына оңай шығуына жағдай жасау болып отыр. Осылайша бес жыл бұрын жасалған жоба ағымдағы жылы жүзеге асырылмақ. Жол салушылар тек қажетті қаржының бөлінгенін күтуде. 

Соңғы жаңалықтар