Шымкенттегі шұлық өндірісі Еуропа нарығына шығуды көздеп отыр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласындағы «ПК Inspiration» зауытында кіл ер адамдар жұмыс жасағанмен, олардың өнімі әйелдер үшін. Сұлулықты сүйетін, талғаммен киінетін әйелдер қауымы үшін өнім шығару кәсібилікті, қажырлы еңбекті талап етеді.
None
None

Шымкенттегі «ПК Inspiration» серіктестігі қыз-келіншектерге арналған шұлық тоқумен айналысады. Италияндық технологиямен жабдықталған кәсіпорындағы озық инновациялық техника тілін жергілікті мамандар жетік игерген. «Шымкентте жасалған» деген белгісі бар әйелдер шұлығы әлемдік сапаға сай тоқылып, отандық нарықта саудаға шығарылып жатыр. Оңтүстіктің брендіне айналып үлгерген өнімнің бағасы өзге елдікінен әлдеқайда арзан. Үлкен табысқа жетудің жолы да осы, сапалы өнімді арзан бағамен сату.

«ПК Inspiration» ЖШС өндіріс басшысы Мутал Шамахсумов бұған дейінгі сұхбаттарында: - Біз өз қолымызбен жасағандықтан, өнімнің қандай болатынын дөп басып айта аламыз. Өйткені әйелдің нені қалайтынын ер-азаматтан артық ешкім білмейді. Қондырғыға қажетті бағдарламаны өзіміз жасаймыз. Тоқимыз, сосын қыз-келіншектерге ұсынамыз, - дейді.

Тұтынушылардың сөзіне келетін болсақ, шұлықтың сапасын, ұзақ уақытқа дейін жарайтынын алға тартады. Өйткені, жоба басшылары бұл кәсіпті Германия, Италиядағы серіктестерімен бірігіп қолға алған. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар әкеп, шұлықтың бір түрін ғана емес, әртүрлі пішінде тоқып шығарып жатыр. Шикізат Еуропадағы жетекші компаниялардан әкелінеді. Құрамында созылмалы заты бар тоғыз түрлі жіп келеді екен. Одан тоқылған шұлық әрі ұзақ мерзімге дейін жарамды, сапалы болады-мыс.

Италия мен Германиядан әкелінген құралдары айына 45мың дана (жұбымен) шұлық шығаруға мүмкіндік береді.

Мамандар отандық өнімнің сыртқы нарықты қамтамасыз етіп, бәсекеге дайын болатындығына сенімді. Мәселен, Қазақстанда жасалатын капрон шұлықтар Ресей нарығын әлдеқашан жаулап алған.

Қазір әйелдер арасында қара және қоңыр түсті шұлықтар сәнге айналғанын кәсіпорын басшылары дер кезінде байқап, өнімдерін өткізу жолында табыс тауып жатыр. Жақында жаңа топтамасын шығарып, сатылымға қоюды ойластырып отыр. Топтаманың әлі атауы жоқ, бірақ қазірден бастап шетелдік мамандардың қызығушылығын тудырып жатыр. Мәселен, италиялық дизайнер Бушини Мауро қазақстандық мамандар әйелдердің қажетін өтеп, олардың қандай үлгідегі шұлық киетінін жақсы зерттегенін айтады.

«ПК Inspiration» ЖШС басшылығы жаңа топтамамен Еуропа нарығын жаулап алуды көздеп отыр. Егер, нарықтағы сұраныс артса, кәсіпорын үш ауысыммен жұмыс істеп, өнідіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлайды.

Соңғы жаңалықтар