Шымкенттік кардиологтар жүрек талмасына ұшыраған екі мыңнан аса науқасқа ота жасаған
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, операцияның басым бөлігі жүрек талмасына ұшыраған науқастарға жасалып отыр. 500-ден аса ота күрделі түрде жүргізілген. Орталықта, сондай-ақ, жүрекке стенд қою, қақпақшасын ауыстыру, аортакоронарлы шунттау отасы және туа бітті ақауларын бекіту сияқты операциялар да жасалған.
«Осы уақытқа дейін жүрек өткізгіштігінің күрделі бұзылуы айқындалған 843 науқасқа тұрақты электрокардиостимулятор орнатылды, жүрек ырғағының күрделі бұзылуы анықталған 600 науқасқа электрофизиологиялық зерттеу мен радиожиілікпен абляция отасы жүргізілді. Өмірге қауіпті жүрек ырғағының бұзылуы мен жүректің тоқтап қалу қаупі жоғары 74 науқасқа автоматты кардиовертер/дефибриллятор орнатылды. Сонымен қатар 18 науқасқа бивентрикулярлы кардиовертер/дефибрилляторлар орнатылды», -дейді қалалық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері Спандияр Бекжігітов.
Бүгінде кардиологиялық орталық республикада Астана мен Алматыдан кейін үшінші орында тұр. Мұнда облыс тұрғындарынан бөлек өзге де өңірлердің тұрғындары ем іздеп келуде. Себебі, Қазақстан бойынша осы орталықта ғана жүрек ақауларын емдейтін қондырғы орнатылған.