Шымкенттік кеденшілер контрабандалық «алтын» мен тондарды тәркіледі
ШЫМКЕНТ. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Шымкенттік кеденшілер келіп түскен жедел ақпарат бойынша, қалаға заңсыз жолмен тондар мен алтын зергерлік бұйымдардың әкелінетінін білген.
«Әуежай-Шымкент» кеден қосынының басшысы А. Жұмабаев хабарлағандай, Ыстамбұл-Шымкент бағыты бойынша VSV-488 халықаралық рейсін кедендік бақылаудан өткізуге ерекше көңіл бөлінді.
Ағымдағы жылдың 10 қыркүйегінде сағат 11.25-те Шымкент әуежайында орналасқан «Ұшып келу» залының кедендік бақылау аймағында «Әуежай-Шымкент» кеден қосынының қызметкерлері 1967 жылғы Қазақстан Республикасының Б., есімді азаматшасын ұстады. Оның сөмкесін тінту барысында, сары түсті металдан жасалған бағалы тастары бар және бағалы тастарсыз құжатсыз зергерлік бұйымдар анықталды. Анықталған зергерлік бұйымдардың жалпы көлемі - 179 дана. Олардың 39 жиынтығы - сырғалар мен 1 сақина, 46 данасалпыншақ, 44 - сақина, 44 жұп сырға, 6 білезік пен 1 алқа. Зергерлік бұйымдардың жалпы салмағы 644 грамды құрайды.
Сол кеден қосынында жалпы құны 3 366 756 теңге тұратын 96 дана тонды Оңтүстік Қазақстанға әкелмекші болған 1950 жылғы Қазақстанның азаматшасы «Үрімші - Шымкент» жолаушылар ұшағында ұсталды.