Шымкенттік жіптер халықаралық базарларға экспортталуда
ШЫМКЕНТ. 24 тамыз. ҚазАқпарат - Шымкенттік "South Textiline kz" компаниясы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысуда.
Кәсіпорын директоры Қазбек Шәлібековтың айтуынша, оның компаниясы мемлекеттік бағдарламаның үшінші бағыты - экспортқа бағытталған өндірістерді қолдау бойынша жұмыс істеуде. Бірнеше жыл бұрын зауыт «Халық банкінен» 6 миллиардтай теңгені несиеге алған, кәсіпорын жетекшісі енді несиені төлеу жеңілірек болатынына үміттенеді. Өйткені қазір 14 пайыздық несиенің 6 пайызын компанияның өзі, қалғанын мемлекет төлеуде. Басшылықтың жоспарында - кәсіпорынды жаңғыртып, жіптерді өңделген түрінде экспортқа жіберу. Қазіргі кезде шымкенттік тауарға ТМД елдері мен Шығыс Еуропадан тапсырыс берушілер бар. Қазбек Шәлібеков болашақта Оңтүстік Қазақстанда сырлау және тігу цехтерін ашатынына үміттенеді. Онда компания жіптерді шығарудан бастап киім тігуге дейінгі процесті толық қамти алады. Қазбек Шәлібековтың айтуынша, егер мемлекет кәсіпкерлерді кейін де қолдайтын болса, компанияда жаңа жұмыс орындары құрылады. Қазіргі кезде зауытта 300-ге жуық адам еңбек етуде. Жұмысының 4 жылында компания дағдарысқа қарамастан өндірісін тоқтатқан жоқ. "South Textiline kz" компаниясының шикізатпен де проблемалары жоқ, өйткені зауытта жергілікті, оңтүстікқазақстандық мақта пайдаланылуда.