Шын мәніндегі еркін адамға, ұлтқа, халыққа айналуымыз керек - Есқайрат Хайдаров

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ұлттық салт-сана, білім мен мә­де­ниет, ұлттық руханият сала­сы терең­дей қамтылған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы айшықты ойлары мен игі бастамалары көпшіліктің көңілінен шығып отыр. 

Шын мәніндегі еркін адамға, ұлтқа, халыққа айналуымыз керек - Есқайрат Хайдаров

Олай дейтін себебіміз, бұл ұлт қамын ойлаған ел азаматтары үшін көптен күткен жағымды жаңалық еді.  Саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алған еліміз үшін Елбасының мақаласы дер кезінде жариялануымен де маңызды деп есептейміз. Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, барша зиялы қауым өкілдері бұл іргелі мақаланы Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» және «Халық тарих толқынында» бағдарламаларының заңды жалғасы, әрі Мәңгілік ел мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін көрсетіп берген тұжырымдамалық бағдарлама ретінде қабылдап отыр. Мемлекет басшысы ұсы­нып отырған мәдени реформа арқылы қоғамдық дамуда жаңа леп әкеліп қана қоймай, Қазақ­стан­ның ғы­лыми қауымдастығының, соның ішінде қоғамтанушылардың алдында тұрған нақты міндеттерді, бағыт-бағдарларды айқындап берді. 

Президент атап көрсеткендей, «Рухани жаңғыру тек бүгін басталған жұмыс емес. Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды істер атқарылды». Дегенмен патша үкіметінің отарлық саясатының езгісін және Кеңестік қызыл империяның өктемдігін көрген қазақ халқы үшін рухани жаңғыру қазақ қоғамына қажетті шара деп есептейміз.  Мәселен, патшалық биліктің салдарынан қазақ халқы жері мен елдігінен айырылып қана қойған жоқ, отарлаушылар  қазақтарды рухани жағынан да қыспаққа алды. Олар халықты сан ғасырдан келе жатқан салт-дәстүрінен айырып, ұлттық болмысын жойып, рухани жұтаңдыққа ұшырату мақсатында ойластырылған шараларды жүзеге асырды. Бұл жөнінде Алаш қайраткері Міржақып Дулатов 1907 жылы жазылған «Қазағым менің, елім менің» атты мақаласында: «Ең алдымен қазақ халқы - Россияға тәуелді халық ... Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады. Халықтан жиналатын салық қаражатының көп бөлігі халыққа тіпті, керек емес нәрселерге жұмсалады... Өздеріңіз көз жазбай байқап отырғандай, чиновниктер, урядниктер кедей қазақтарды ұрып-соғып,  малдарын тартып, ойына не келсе соны істеді ... Енді чиновниктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрыптарымызға, біздің моллаларға ғана тиісті неке мәселелеріне араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды...», - деп орыс отаршыларының қазақ қоғамын ыдыратуға бағытталған амал-әрекеттерін ашып көрсетті.

«Мәденилеу орыс не берді?» - деген сауалға ХХ ғасырдың басындағы қазақ жастарының жетекшілерінің бірі, ұлт зиялысы  Қошке Кемеңгерұлы өз жазбаларында мынадай қорытынды жасаған: «Ресей үкіметі қазақ білім-өнерге пісіп, қатарлы ел болсын деген жоқ. Екатеринаның жақсы тілектері сарайдағы ақсүйектердің елегінен өтпей қалды. Қазақты бірен-саран білімге қарай  сүйрегендік болса, оның негізі әуелі қазақты жуасыту, одан кейін дінге  аудару, ақыры келіп орыстандыру саясатынан шықты. Алды қазақтың 1732 жылы, арты 1865 жылы бағынып болды. 133 жылда қазақты бағындыру жолындағы саясаты, одан соңғы 1917 жылға шейін дінге аудару, орыстандыру саясаты тайға таңба басқандай қазақ тұрмысының шаруа, рухани, мінез тарауларына үлкен із қалдырды». Міне, бұл отарлық саясат қазақ халқының қоғамдық санасын, ұлттық мінез-құлқын түбірімен өзгертті.

Ал Кеңес өкіметінің солақай саясатының кесірінен қазақ халқы тілінен, дінінен, ділінен, ұлттық сана-сезімінен түгелдей айырылып қала жаздады. Кеңестік билік қазақ халқын тарихсыз халық жасауды көздеді. Тәуелсіздіктің арқасында ғана өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Мақалада «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғы­ларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», - деп, Елбасының нықтап жазуы ұлт болашағының жарқын екендігіне көзімізді анық жеткізеді.  

Елбасы қазақ халқын ұлттық ерекшелігін, бай мәдени мұрасын сақтай отырып заман көшінен қал­май дамуға, жаңашылдыққа үн­дейді. Бұл тұрғыда: «Біріншіден, ұлт­тық код, ұлттық мәдениет сақ­тал­маса, ешқандай жаңғырту бол­майды. Екіншіден, алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», - деп ұлттық сананы кемелдендіруге шақырады. Ұлт­тық бірегейлігін жоғалтқан ұлттың болашағы болмайды. Ұлттық бірегейлігін сақтаған халық қана мемлекеттілігін сақ­тап, қазіргі заманның басты қатері жаһандануға төтеп бере алады.

Прези­денттің еліміздің латын қарпіне көшуін ертерек қолға алып, дайындық жұмыстарын тезірек жүргізу қажеттілігі туралы үкімет пен ғалымдарға берген тапсырмасы да өте құптарлық іс. Біздің ойымызша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жаңадан Елтаңба, Әнұран, Ту, Ата Заңымызды қабыл­дағанымыз, кейінірек елорданы Ал­маты­дан Астанаға көшіруіміз секілді, бұл да отар­лық қыспақтан ширек ғасыр бұрын ғана шыққан қазақ халқы үшін сананы жаң­ғырту­дың бір тетігі болып табылады. Бодандық санадан құтылудың, отарсызданудың тамаша жолы ретінде қарауға болады. Сонымен бірге латын қарпіне көшу арқылы түркі әлемімен бірігуімізге, жаһандық өркениетке кірігуімізге жол ашыла түседі.

«Мәде­ни мұра» бағдарламасы бойынша әлемдік көркем әдебиеттің 100 томы қазақ тіліне аударылып, жарық көргені баршамызға аян.  Ал енді студент жас­тар­­ға жаңа сапалық деңгейде білім беру­ді қамтамасыз ету, гуманитарлық сала­дағы білімді арттыру мақсатында әлем­нің ең озық деген 100 оқулығы қазақ­шаға аударылмақ.  Бұл жобаның ғылым-білім саласына тың серпін әкелетіні, студент жастардың әлемнің озық білімімен сусындауларына мүмкіндік жасайтыны даусыз.

«Туған жер» атты бағдарлама қабылдауды ұсынған Елбасы әрбір отандасымыздың, жастардың патриоттық сезімін арттыру үшін аймақ­тарда өлке тарихын кеңінен насихаттап, туған жеріне көмек қолын созып жүрген жандарға құрмет көрсету жолдарын қарастыру қажеттігін де ескеріпті. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер...» дегендей, елге танымал тұлғаларымызды қадірлеп, өлке тарихын зерттеуге, зерделеуге көп көңіл бөлуіміз керек. Сондай-ақ  ұлан байтақ жеріміздегі өз қасиеті бар танымал жер­лерге жүйелі зер салып, «Мәдени-гео­графиялық белдеуді» ұлттық құн­дылықтарымыздың қатарында дәріп­теу идеясын ұсынған. Туған жер әркімге де ыстық. Сол себепті бұл бастамалардың жергілікті аймақтарда қолдау тауып, жүзеге асатынына сенімдіміз. Елбасы осы мақаласында ұлттық мәдениетіміздің озық үлгі­­лерін іріктеп, әртүрлі жолмен әлемге на­си­хаттауды да міндеттеген. Қорыта айтқанда, рухани жаңғыру - уақыт талабы, Елбасы айтқандай « ... Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», деп түйіндеді ойын Е.Хайдаров.