Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шыңғырлауда жаңа үйлер пайдалануға беріліп, Жаңакүшке табиғи газ жеткізілді - БҚО

ОРАЛ. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Шыңғырлау ауданы орталығында екі пәтерлі қос тұрғын үй пайдалануға беріліп, Жаңакүш ауылына табиғи газ жеткізілді.

Шыңғырлауда жаңа үйлер пайдалануға беріліп, Жаңакүшке табиғи газ жеткізілді - БҚО

Екі пәтерлі екі тұрғын үйді пайдалануға беру салтанатында аудан әкімі Айболат Сейтақов бұл үйлерге қазірдің өзінде соғыс ардагері, дәрігер маман, аз қамтылған отбасылар мен көп балалы аналар орналасып отырғанын айта келіп, пәтерлі болғандарға қоныс құтты болсын деген тілегін білдірді.

Аудан әкімінің тұрғындар алдында есеп беру жиынына, осы қуанышты шараларға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов Елбасы саясатына орай ауыл-аймақты дамыту, қамқорлықты қажет ететін тұрғындар топтарына тұрғын үйлер салып беру - үлкен қамқорлық әрі мамандарды тұрақтандыру бағытындағы өте игі іс дей келіп, пәтер иелеріне кілттерін табыс етті.

Жаңакүш ауылындағы дәрігерлік амбулатория жанында ауылға «көгілдір отынның» жеткізілуіне арналған салтанатты рәсімде облыс әкімінің орынбасары Е.Салықов облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының бастамасымен облыстың аудандары мен ауылдарына 900 шақырымның үстінде газ құбырлары тартылып, халықтың «көгілдір отынды» игіліктеріне пайдаланып отырғанын, табиғи газдың ауылға келуі үлкен қуанышты жағдай екенін атап айтып, үй жылы, көңіл жарқын болсын деген тілегін білдірді.

Ауыл тұрғыны, зейнеткер Бітімбай Дарисов көп жылдардан бері арман болып келген газдың ауылға келгеніне жүрекжарды қуанышын жеткізіп, облыс, аудан әкімдеріне, газ құбырын жеткізуде үлкен еңбек жасаған «АРМУТ» ЖШС-нің басшыларына, мамандарына тұрғындар атынан алғысын білдірді.

Рәсім соңында жылылық лебі ескен «көгілдір алау» салтанатты жағдайда жағылып, жиналғандарға өнерпаздар ән-биден шашу шашты.

Аудан әкімі А.Сейтақовтың тұрғындармен есептік кездесуінде өткен жыл қорытындыларына талдау жасалып, алда тұрған міндеттер белгіленді.