Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Си Цзиньпин: Қытай экономикасы бірқатар қиындыққа тап болды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазіргі күнде Қытай экономикасы бірқатар қиындық пен сын-қатерге тап болып отыр. Сондықтан сенімді нығайтып, күрделі мәселелерді жүйелі түрде шешуге тура келеді. Бұл туралы Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы Си Цзиньпин 30 шілде күні партия құрамында жоқ тұлғалармен өткен кеңесте мәлімдеді.

Си Цзиньпин
Фото: Xinhua

Lianhe Zaobao басылымының хабарлауынша, Бейжіңдегі Чжуннаньхай резиденциясында өткен алқалы кеңесте Қытайдың қазіргі экономикалық ахуалы мен жылдың екінші жартысындағы экономикалық саясат туралы демократиялық партиялар мен Бүкілқытайлық өнеркәсіп және сауда ассоциациясының өкілдерінің, сондай-ақ партиясыз қоғам қайраткерлерінің пікірлері тыңдалды.

Си Цзиньпин кеңесте екінші жартыжылдықтағы экономикалық жұмыстың негізгі міндеттеріне тоқталып, ішкі және сыртқы жағдайларды жан-жақты, кешенді түрде қарастырып, экономикалық өсімнің жаңа драйверіне ауысуды жеделдету қажет екенін атап көрсеткен. Оның айтуынша, Қытай билігі неғұрлым белсенді қаржылық саясат пен орташа еркін валюта саясатын жүзеге асырып, қолданыстағы қолдау шараларының тиімділігін толық пайдалануға күш салады.

Сонымен қатар ол ішкі сұранысты кеңейту, ұсынымды жетілдіру, дамудың қозғашы күшін нығайту және қоғамның өміршеңдігін арттыру, экономиканың тұрақты түрде жаңа серпінмен жақсы бағытқа қарай дамуын ілгерілету мақсатында қосымша тиімді саясаттарды уақытылы түрде қабылдау керегін атап өтті.

Оның айтуынша, екінші жартыжылдықта макроэкономикалық саясаттың тиімділігін арттыруға баса назар аударылады. Басым бағыттардың қатарында ол ішкі тұтыну әлеуетін ашу, ғылыми-технологиялық және өнеркәсіптік инновацияларды терең ықпалдастыру, сыртқы әлемге ашықтықты жоғары деңгейде кеңейте түсу, халықтың әл-ауқатын пәрменді түрде қамтамасыз ету және жақсарту, экономиканың негізгі салаларындағы тәуекелдерді біртіндеп сейілту міндеттерін атады.

Си Цзиньпин сондай-ақ демократиялық партиялар мен Бүкілқытайлық өнеркәсіп және сауда ассоциациясын және партиясыз қоғам қайраткерлерін ҚКП ОК-нің қазіргі экономикалық жағдай туралы тұжырымы мен қабылдаған шешімдерін қолдауға, дамуға сенімді нығайтуға және елдің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттарын бірлесіп іске асыруға шақырды.

Сол күні ҚКП ОК-нің Саяси бюросы да отырыс өткізді, онда ҚКП ОК-нің V пленумын осы жылдың қазан айында өткізу туралы шешім қабылданды. Жиында елдегі экономикалық ахуалға талдау жасалып, экономикалық қызметтегі қиындықтар мен сын-қатерлерге айрықша назар аудару, сенімнен ауытқымау қажеттігі атап өтілді.

Отырыс қорытындысына сәйкес, екінші жартыжылдықта ішкі сұранысты кеңейту, ұсынымды жетілдіру мақсатында қосымша тиімді шараларды жедел енгізу, сондай-ақ қызмет көрсету саудасын барынша дамыту, сауданың біркелкі дамуын ілгерілету міндеттері айқындалды.

Бұған дейін Қытайдың дәстүрлі фарфор өндірісі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгенін хабарлаған едік.