Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Си Цзиньпин Қытайдағы жойқын өрттен кейін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қытайдың шығысындағы Фуцзянь провинциясына қарасты Цзиньцзян қалалық уезіндегі аяқ киім фабрикасында бейсенбі күні болған, көптеген адамның қаза табуына әкелген өрттен кейін іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге бар күшті жұмылдыруға шақырды.

а
Фото: Синьхуа

Синьхуа таратқан ақпаратқа сәйкес, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы және Орталық әскери кеңестің төрағасы қызметтерін қатар атқаратын Си Цзиньпин оқиғаның себептерін мүмкіндігінше тез анықтап, кінәлілерді қатаң жауапкершілікке тарту қажеттігін атап өтті.

ҚХР төрағасы жыл басынан бері елде бірнеше ірі өндірістік апат болғанын еске салды. Оның айтуынша, барлық өңір мен салалық ведомстволар алынған сабақтарды терең зерделеп, даму мен қауіпсіздік мәселелерін тиімді үйлестіріп, өндірістегі қауіпсіздікке үнемі баса назар аударуы тиіс.

Қытай басшысы тәуекелдер мен жасырын қауіп-қатерлерді анықтау және жою жұмыстарын күшейтуді, өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын адал әрі мұқият орындауды, ірі және аса ірі жазатайым оқиғалардың алдын алуды, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен мүлкінің қауіпсіздігін нақты қорғауды талап етті.

ҚКП ОК Саяси бюросы Тұрақты комитетінің мүшесі, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян Мемлекеттік кеңес жанындағы өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету комитетінің кеңсесіне жергілікті билік органдарын өндірістік қауіпсіздік саласындағы тәуекелдер мен жасырын қауіп-қатерлерге жан-жақты тексеру жүргізуге ынталандыруды тапсырды. Бұл ірі және аса ірі төтенше оқиғалардың толық алдын алуға бағытталған.

Қазір Қытайдағы өрт салдарынан қаза тапқандар саны 28 адамға жеткені расталды.

Қытайдың Төтенше жағдайларды басқару министрлігі құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін Цзиньцзянға арнайы жұмыс тобын жіберді. Ал Фуцзянь провинциясы зардап шеккендерді құтқару мен оқиғаның салдарын жою үшін барлық күшті жұмылдырды.

Осыдан бұрын Қытайдың Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында болған су тасқыны салдарынан хайуанаттар бағынан 100-ден астам жануарды су ағызып әкеткені белгілі болды.