Си Цзиньпиннің сапары: қазақ-қытай қатынасы қалай өзгереді?

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қазақстанға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келеді. Екі күнге созылатын сапар барысында еларалық мәселелер талқыланып, мемлекет басшылары «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатыспақ. Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы жоғары деңгейдегі кездесудің мән-маңызы мен екіжақты даму динамикасын тарқатуға тырысты.

қытай
Коллаж: Kazinform / Freepik / Akorda.kz

Стратегиялық серіктестік сатысы

ҚХР – Қазақстанның басты стратегиялық серіктесінің бірі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап саяси-экономикалық бастамаларға қолдау білдіріп, халықаралық қатынастағы тілеулес елге айналды. Дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 1992 жылдан бері көптеген құжатқа қол қойылды: 1995 жылы Қытай үкіметі ядролық держава ретінде Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік берсе, 1999 жылы екі мемлекет арасындағы шекара мәселесі толығымен шешілді. Кейін «Шанхай бестігі» шеңберінде қорғаныс саласындағы келісімдер, шекаралық аймақтағы қарулы күштерді өзара қысқарту туралы мәмілелер нәтиже бергені мәлім.

Бүгінде еларалық байланыста экономикалық өсімнің салмағы басым. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 30,1 млрд АҚШ доллары көлемінде болды. Алыс-берістің үлес салмағы шамалас: экспорт – 14,8 млрд АҚШ доллары; импорт – 15,1 млрд АҚШ доллары.

Қытай
Инфографика: Kazinform

Соңғы жылдағы экспорт өсіміне көз салсақ:

· мыс және мыстан жасалған катодтар – 40,7%;

· уран – 39,1%;

· ферроқорытпалар – 44,4%;

· бағалы металдар мен олардың концентраттары – 47,9% өскен.

Оған қоса, ядролық реакторлар, твэлдер, изотоптарды бөлуге арналған жабдықтар мен құрылғылардың тасымалы ұлғайғанын байқадық.

Ал Қытай тарапы 20-ға тарта сауда бағыты бойынша өнім жеткізеді. Оның ішінде телефон аппараты, жеңіл автокөлік, есептеу машинасы, автомобильдерге арналған шанақ, жол және құрылыс техникасы автомобильдер мен тракторларға арналған бөлшектермен, тағы басқа керек-жарақпен қамтып отыр.

ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы Жадыра Әсетқызының айтуынша, кейінгі бастамалар екі елдің саяси бағытына сай әзірленген.

– Қазақстан мен Қытай арасындағы экспорттық құрылым біртіндеп өзгеріп, қайта өңделген өнімдердің үлесі артып келеді. Бұл үрдіс Қытайдың инвестициялық бағытымен сабақтас: 2022-2024 жылдар аралығында Қытайдың жаңа тікелей инвестицияларының 90 пайыздан астамы қосылған құны жоғары салаларға – мұнай-химия, полимер өндіру, МӨЗ жаңғырту мен машина жасауға бағытталды. 

Мәселен, Павлодар облысында Xinfa Group компаниясының интеграцияланған өнеркәсіптік парк салу жобасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, China Energy Investment Corporation компаниясының көмір химиясы кешенін іске қосуы және Changan, Haval, Chery маркаларымен автомобиль құрастыру жобалары – қытайлық капиталдың өңдеуші өндіріс пен технологиялық кластерлерге бағытталғанын аңғартады, дейді ол.

Қазақстан Қытайдың эконмикалық әлеуетін ішкі нарыққа ғана емес, логистикалық табыс ретінде қолдану орайына көшкен. Қазақ даласы көршіміз үшін Еуропаға тікелей құрлық жолы әрі Орталық Азияға өз өнімін саудалаудың басты тетігіне айналды. Жылдан-жылға «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы арқылы ел аумағынан өтетін жүк тасымалының ағыны ұлғайып келеді. 

 «Бір белдеу, бір жол»
Фото: Kazinform

Инфрақұрылым мен логистика саласындағы белсенділік ерекше назар аудартады. Қытайдың қатысуымен 200-ден астам жобаның басым бөлігі көлік, инфрақұрылым және өнеркәсіптік өндіріс салаларында шоғырланған. «Бір белдеу – бір жол» аясында Қазақстан көлік-логистикалық хаб ретінде айқындала бастады. Бұл өзгеріс қайта өңдеу әлеуетін нығайтатын сапалы өзгерістерге жол ашып жатыр.

– Қазақстан тек шикізат жеткізуші емес, сонымен қатар Қытайдың еуразиялық стратегиясындағы инфрақұрылымдық және транзиттік хаб ретінде айрықша рөл атқарады. Мысалы, 2023 жылы Қытайдың уран импортының 60 пайызынан астамын Қазақстан қамтамасыз етті, бұл Қытайдың атом энергетикасы үшін стратегиялық маңызға ие. Сонымен қатар жыл сайын Ресейден 10 миллион тоннадан астам мұнай Атырау-Алашанькоу мұнай құбыры арқылы Қытайға жеткізіледі. Бұған қоса, Қазақстан Қытайға мыс, ферроқорытпа, хром, астық және майлы дақылдар сынды шикізат тауарларын тұрақты түрде экспорттап келеді.

 «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында негізгі транзиттік ел санатындамыз. Орта дәліз, яғни Қытайдан Еуропаға бағытталған балама көлік бағыты дәл осы Қазақстан арқылы өтеді. Бұл бағыттың дамуы Қазақстанның геосаяси салмағын едәуір арттыра түсті, – дейді сарапшы.

Жақындық: туризм, мәдениет, өнер

Кейінгі жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы өркениеттік жақындасу үдерісі байқала бастады. Бұл екі елдің барыс-келіс заңдылықтарының жеңілдегенінен туындаса керек. Еліміз алғашқылардың бірі болып ҚХР-мен визасыз режим орнатқалы екіжақты туристік көрсеткіш көтерілді, кәсіпкерлердің тікелей серіктестік кездесулері үдеген.

Есте болса, өткен жылы Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып, Аспанасты елінің ірі қалаларында 30-дан астам іс-шара өтті. Жыл бойы Қазақстанның туристік қызметі мен өнімдері ITB China, ITE Hong Kong, COTTM және China International Medical Tourism Fair секілді төрт туристік көрмеде насихатталды. 50-ден астам жаңа жетекші туроператормен байланыс орнатуға мүмкіндік алдық, бүгінде кейбірі Қазақстанды өз каталогтеріне енгізді.

Жағымды өсімді жалғастыру үшін қазақ мәдениеті мен тарихын таныту маңызды. Осы мақсатта Қазақстан туралы 3 сериялы Bond with China деректі фильмі Қытайдың ең ірі ССТV-4 арнасында көрсетілген. Оған қоса ҚР Сыртқы істер министрлігі танымал блогерлерді елге шақыру арқылы 60 млн-нан астам қаралым жинаған контент өндірісіне септесті. Бұған дейін Деджоу және Ланфан қаласында «Қазақконцерт» шығармашылық ұжымының гастроль туры, Тяньцзинь қаласында ҚР Ұлттық музейінің көрмесі, Бейжіңде «Наурызфест» этнофестивалі ұйымдастырылған болатын.

Қытаймен келіссөздің 2 бағыты

Сарапшылардың болжамына сүйенсек, Қытай тарапымен келіссөз қос бағытта қатар дамиды. Алғашқысы – тікелей Қазақстанға қатысты жобалар, кейінгісі – Орталық Азияның экономикалық-экологиялық мәселелеріне арналады. Әсіресе, инвестиция, көлік-транзит, трансшекаралық өзендер тақырыбы өзекті болады деген сөз.

Жадыра Әсетқызы болашақ келісімдер серіктестікті жаңа сапалық деңгейге көтеріп, өндірістік және технологиялық интеграцияның флагмандық жобаларын іске қосуға мүмкіндік береді деген пікірде.

– Инвестициялық әріптестікке жаңа серпін беріледі. Тараптар шикізаттық емес салаларға – машина жасау, мұнай-химия, агроөңдеу мен фармацевтикаға бағытталған сапалы инвестициялар көлемін арттыруды көздеп отыр. Қытай компаниялары Қазақстанда бірлескен өндіріс орындарын ашып, өнімдерін өз нарығына тұрақты жеткізуге мүдделі.

Тағы бір маңызды бағыт – көлік және транзит. Жаңа теміржол өткелдерін ашу, бар инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ Каспий порттары мен «Қорғас» құрғақ портын кеңейту мәселелері қарастырылады. Қазақстан мен Қытай көлік дәліздерін толыққанды экономикалық маршруттарға айналдыруды көздейді, – деп болжады сарапшы.

Қазақстан экономикасында шикізат өндірісі басым екені жасырын емес. Мемлекет басшысы да, экономистер де инновациялық жүйемен өзге өндіріс салаларын қолға алу қажетін бірнеше мәрте айтқанын естідік. Саяси зерттеулер орталығының директоры Айдар Әміребаев Қытай төрағасының сапарын сәтті пайдаланып, өндірістік технологиялар бағытында қажетті жобаларды ақылдасу керек деп санайды.

директор Центра политических исследований Айдар Амребаев
Фото: Айдар Әміребаевтың жеке мұрағатынан

– Айта кетерлігі, қазір Қытай экономикасының сапасы өте жоғары. Бұрынғыдай киім-кешек өндіретін әлемдік мануфактура деп қабылауға болмайды. Олар технологиялық мемлекетке айналып келеді. Өзге елдерден кем емес жасанды интеллект, инновациялық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Сондықтан Қытаймен бірлескен өндіріс ашу сапа мен баға жағынан тиімді. Мысалы, батыс елдерінен сапалы технология алудың құны жоғары, логистикалық қиындығы өз алдын бөлек мәселе. Ал Қытай жақын әрі бағасы ақылға қонымды, – деді ол.

Расында, Қазақстанның Қытайға эспорттайтын негізі тауары – шиікзат. Алысқа бармай-ақ, өткен жылғы есепті ашсақ, көршіге кеткен өнімнің көш басында мұнай-газ, бағалы металл тұр. Биылғы статистикада да көрсеткіште өзгеріс болмаған. Демек, кезекті кездесу барысында жаңартылатын энергия көздері, сутегі және атом энергетикасы, ауыл шаруашылығы салаларында жаңа жобалар талқыланады деген болжам бар. Оған қоса ғылыми-зерттеу орталықтарын дамыту, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және цифрлық сауда бойынша ынтымақтастықты кеңейту көзделген.

Айдар Әміребаевтың пікірінше, ҚХР төрағасының елге сапары аясында өзге секторларға басымдық беру шарт, алайда жүзеге асып жатқан шикізат тасымалына қатысты жобалардың бәсеңдемеуін де ұмытпаған жөн. Қазіргідей аумалы-төкпелі кезеңде Қытайды шикізатпен қызықтыру қиын. Оның үстіне, өзге бағытта жолы жабылған солтүстіктегі көршіміз бар мұнай-газын Қытайға сатып отыр.

– Мұнай-газ саласында Ресеймен бәсекелеспіз, себебі көршіміз санкциялық режимге байланысты мұнай-газын Қытай мен Үндістан нарығына ғана саудалап отыр. Сондықтан Қытай елімізді шикізат баламасы ретінде қабылдап отырған секілді. Осы орайда, Қазақстан Аспан асты еліне шикізат тасымалын ұлғайтуға күш салуы шарт. Ол үшін мұнай-газ құбырларын жаңарту, тапсырыс көлемін арттыру маңызға ие, – дейді спикер. 

Теміржол түйіні мен су мәселесі

Си Цзиньпин қатысатын іс-шара қатарына «Орталық Азия – Қытай» саммиті қосылған. Осы орайда аймақ саясаткерлері арасында «Қытай мен ОА+» форматы аясындағы әріптестік қандай мүмкіндік береді?» деген сұрақ желдей есіп тұр. Себебі, Астанадағы кездесуде мемлекет басшылары көтеретін мәселелер бүтін аймақтың болмысын өзгертуі ықтимал.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымы 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жетуі мүмкіндігін айтқаны есте. Меже кезең-кезеңімен орындалып келе жатқандай көрінеді. Мысалы, 2022 жылы Қытай мен Орталық Азия елдерінің тауар айналымы 70 млрд АҚШ долларына жетсе, былтыр 95 млрд долларды еңсерді. Көрші елдің Транскаспий көлік дәлізі арқылы Еуропаға кететін жүк тасымалы екі жылда 4,5 млн тоннаға дейін өсті.

теміржол жүктерін тасымалдау
Фото: railways.kz

Саясаттанушы Айдар Әміребаев саммитте көлік және транзиттік бағыт сөз болады дегенді айтып отыр. Әсіресе, Орталық Азия елдеріне ортақ тасымал жолын дамыту сценарийі қаралуы да мүмкін.

– Орталық Азия елдері логистикалық жобаларды бірлесе дамытатын уақыт жетті. Байқасаңыз, бұған дейін бір-бірінің территориясынан алшақтап, айналма сауда жолын іздеу әрекеті көбейді. Сондықтан, Қытай тарапымен келісе отырып, Орталық Азия үшін бір бағытты дамытуға келіскен жөн, – деген пікірде сарапшы.

Алайда тараптар ортақ транзиттік әлеуетті дамытуға келіскенімен, ескеру қажет олқылық аз емес. Сарапшылар Қытаймен арадағы логистиканың басты мәселесі теміржол стандартында жатыр дейді. Бірі білсе, бірі білмес, Қытай мен Қазақстан теміржол рельстерінің өлшемі әрқилы. Қытайдан шыққан жүк пойызы тоқтаусыз Қазақстанға жете алмайды.

– Қытай мен Қазақстанның теміржол рельстерінің стандарттары екі бөлек, жүк пойызы тікелей келе алмайды. Қазіргі стандарт бойынша, Қытай мен Еуропаның теміржол өлшемі бір стандартта, Қазақстан мен Ресейдің теміржол өшемі бөлек стандартта. Сондықтан Қытайдан Қазақстан шекарасына жеткізілген пойыз рельстерін ауыстыруды күтеді немесе өзге вагонға ауыстыруға мәжбүр. Ортақ технологияға көшу логистикалық мәселені шешуге, бизнесті ілгерілетуге ықпал етер еді, – деді Айдар Әміребаев.

ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы Жадыра Әсетқызының сөзінше, саммит барысында Орта дәліз транзиттік жолының әлеуеті басты талқыға айналады, себебі бұған Қазақстанмен қатар Қытай да ынталы болып отыр.

средний коридор
Фото: Midjourney

– Қытайды Батыспен байланыстыратын басты транзиттік жолға айналған Орта дәліз өзінің тиімділігін дәлелдеді. Бұрын балама бағыт ретінде қарастырылған маршрут бүгінде негізгі дәліз ретіндегі рөлін нығайтып отыр. Қытай да, Еуропалық одақ та осы бағыттағы жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға мүдделі екенін ашық көрсетіп отыр. 

Мысалы, Қытай тарапынан Орта дәліз теміржол инфрақұрылымындағы тар жерлерді жоюға шамамен көлемді инвестициялар тартылып, 2030 жылға қарай өткізу қабілетін үш-төрт есеге арттыру көзделеді. Сонымен қатар шекаралық терминалдар мен логистикалық хабтарды (Қорғас, «Қорғас – Шығыс қақпасы») бірлесіп дамыту, цифрлық сауда алаңдарының іске қосылуы Қазақстанды еуразиялық көлік архитектурасының маңызды буынына айналдырып отыр, – деді ол. 

Саясаттанушылардың пайымынша, саммитте Орталық Азия мен ҚХР арасында жасанды интеллект, биотехнология, кванттық есептеу, технопарктер мен ғылыми-зерттеу орталықтарын құру бойынша бірлескен стартаптар жүзеге асатын секілді. Сонымен қатар аймақтағы су пайдалану келісімі мен климаттық мәселелер де күн тәртібіне шығуы бек мүмкін. Әсіресе трансшекаралық өзендердің су деңгейін реттеу әрі су шаруашылығы жүйелерін құру, агротехнологияға инвестиция тарту идеялары қолдау табады деген сенім бар.

Соңғы жаңалықтар