Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдамаған басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңы мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және лауазымды тұлғалардың өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі міндеттерін қарастырады. Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауының алдын алу жөніндегі қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тәртіптік жауапкершілікте болады. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында әкімшілік жауапкершілікке тартуды көздеу ұсынылады», - деді Үкімет басшысы жауабында.
Олжас Бектеновтің нақтылауынша, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларына өз өкілеттіктері шегінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға кінәлі өздеріне бағынысты адамдарға қатысты шаралар қолданбағаны не ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұза отырып, көрсетілген шараларды қабылдағаны үшін жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жауапкершілік жүктеледі.
«Заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісі бірінші оқылымда мақұлдады», - деді Премьер-Министр.