Сыбайлас жемқорлықпен күресу мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді – Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күресу мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Бұл туралы «Turkistan» газетіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

жемқорлық
Фото: Polisia.kz

- Мұндай пікірлерден хабарым бар. Оның бәрін дұрыс түсінбеушілік немесе кейбір «арам ойлы» адамдардың бос әңгімесі деп санаймын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дербес мемлекеттік орган ретінде өзіне жүктелген міндетті табысты орындады. Оған кінә арта алмаймыз. Ұлттық қауіпсіздік комитеті де жемқорлықпен күреседі. Екі мекеменің бір міндетті қабаттаса атқаруы мемлекеттік маңызы бар жұмысқа кесірін тигізе бастады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күресу мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Бұған қатысты ешқандай күмән тумауға тиіс.

- Қабылданған шешім қатардағы жемқорларды ғана емес, қылмыстық әрекеттің идеологтары мен ұйымдастырушыларын да жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қылмыстың алдын алу үшін түсіндіру және ағарту жұмыстарына әдеттегідей айрықша назар аударылады. Қазір бұл – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құзырындағы міндет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пайымынша, жемқорлықтан аулақ болу қажеттігін балалардың құлағына жастайынан құя берген жөн. Бұл жерде мектептер, қоғамдық ұйымдар, белсенді азаматтар, әсіресе, ата-аналар шешуші рөл атқаруға тиіс. Сол кезде елімізде жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа мүлдем төзбеу мәдениеті қалыптасады. 

- Ұлттық қауіпсіздік комитеті санмен әуестенбей, сапаға мән беріп, жемқорлыққа қарсы нақты жұмыс жүргізеді. Сонда мемлекеттік қызметшілер құқық қорғау қызметкерлеріне жалтақтамай, батыл шешім қабылдайтын болады, - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін Turkistan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған басылымның бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбаты жарияланды.

Соңғы жаңалықтар