Сиднейде жарық шоуы кезінде ондаған дрон суға құлады
АСТАНА. KAZINFORM — Австралияда Vivid Sydney жарық шоуы кезінде 90-ға жуық ұшқышсыз ұшақ техникалық ақаудан кейін Сиднейдегі Дарлинг-Харбор маңында суға құлады, деп хабарлайды ВBC.
Оқиға танымал Vivid Sydney фестивалі кезінде болған. Фестиваль ұйымдастырушылары апатқа «күтпеген техникалық қиындықтар» себеп болғанын мәлімдеді. Осы жағдайдан кейін жоспарланған бірнеше келесі шоу тоқтатылды.
Дрондар шоуына жауапты британдық Skymagic компаниясы құрылғылар ұшырылғаннан кейін радиожиілік жағдайының күтпеген өзгеруі салдарынан ақау туындағанын хабарлады.
— Кейбір дрондар позициялау дәлдігінің төмендеуіне байланысты апатты қону процедурасын іске қосты, — деп мәлімдеді компания өкілдері.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Кокл-Бей ауданындағы суға 89 дрон құлаған. Сонымен қатар, Skymagic аппаратардың белгіленген қауіпсіздік аймақтарынан шықпағанын атап өтті.
Куәгерлер дрондардың айлаққа қатты соғылған дыбысын естіген.
— Дыбыс 10–20 метр қашықтықтың өзінде өте қатты шықты. Олардың бетон айлаққа соғылып, быт-шыт болғаны анық естілді, — деді порт қызметкері.
Оқиғадан кейін Vivid Sydney ұйымдастырушылары келушілерден қолайсыздық үшін кешірім сұрады. Билік пен Skymagic мамандары дрон шоуын жалғастыру туралы шешім қабылдамас бұрын қосымша қауіпсіздік тексерісін жүргізеді.
Star-Bound әуе шоуы Vivid Sydney фестивалінің басты бағдарламаларының бірі болған. Қойылымға бір мезетте мыңға дейін дрон қатысып, шоу ұзақтығы 12 минутқа дейін жеткен.
Vivid Sydney фестивалі 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Сондай-ақ Оңтүстік жарты шардағы ең ірі жарық, музыка және цифрлық өнер фестивальдерінің бірі саналады. Жыл сайын шара Sydney айлағы мен Sydney Opera House маңына мыңдаған турист пен Австралия тұрғындарын жинайды.
Бейжің қаласында пилотсыз ұшу аппараттарын басқару туралы ереже» 2026 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енді.