Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сиэтлдегі гастрономиялық фестивальде болған атыстан үш адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Сиэтл қаласында өткен гастрономиялық фестиваль кезінде болған атыс салдарынан үш адам қаза тауып, тағы төрт адам жарақат алды. Полиция оқиғаға екі адамның қатысы бар деп есептейді. Олардың бірі ұсталды, екіншісіне іздеу жарияланды, деп хабарлайды ВВС.

Сиэтлдегі гастрономиялық фестивальде болған атыстан үш адам қаза тапты
Фото: Анадолу

Атыс жексенбі күні жергілікті уақытпен сағат 18:00 шамасында (Астана уақытымен дүйсенбі күні таңертең) Сиэтлдегі «Seattle Center» мәдени-ойын-сауық кешенінде жыл сайын өтетін Bite of Seattle гастрономиялық фестивалі кезінде болды.

Полицияның мәліметінше, оқиға салдарынан үш адам көз жұмды. Олардың екеуі оқиға орнында алған жарақатынан қайтыс болса, үшінші адам ауруханада жан тапсырды.

Сиэтл полициясы бастығының орынбасары Тайрон Дэвистің айтуынша, жараланған төрт адам «Harborview» медициналық орталығына жеткізілген. Зардап шеккендердің арасында екі жасар бала да бар.

Оның айтуынша, оқиға орнына жақын жүрген полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, күдіктілердің бірін – жас жігітті ұстаған. Қазіргі уақытта ол тергеліп жатыр.

Полицияның болжамынша, оқиғаға қатысы бар екінші күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Оны іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Тайрон Дэвис полицияның алдын ала болжамы бойынша, фестивальде осы екі адамның арасында атыс болғанын мәлімдеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін АҚШ-тың Аризона штатында болған атыс салдарынан 10 адам жарақат алғаны жазылды.