Silk Way Star: Қазақстанда мұндай халықаралық жобалардың көп болғаны дұрыс - Ерболат Беделхан

  АСТАНА.KAZINFORM- Silk Way Star халықаралық тележобасының финалына орай қазылар алқасының мүшесі Ерболат Беделхан пікір білдірді.

ерболат Беделхан
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның айтуынша, өнер саласында шекара болмайды, сондықтан мұндай шығармашылық жобалардың Қазақстанда жиі өтуі маңызды.

- Менің ойымша, өнер ұлтқа немесе шекараға бөлінбеуі тиіс. Өнер арқылы байланысу ең дұрыс жол. Жақында ғана Қытайда болдым, егер 1,5 млрд халқы бар үлкен нарық біздің өнерпаздарға ашылса, бұл біз үшін тек пайда әкеледі, - деді ол.

Ерболат Беделхан финалға шыққан қатысушылардың кәсіби деңгейін жоғары бағалады.

- Финалға өткендердің барлығы өз елдерінің лайықты өкілдері. Әр адамның музыкалық талғамы әртүрлі, бірақ біз, қазылар, барлық бағытты түсініп, жан-жақты қарастыруға тырысамыз. Менің басты мақсатым заманауи музыка тұрғысынан бағалау, - деді ол.

Қазылар алқасының мүшесі финалда қатысушылар көптеген қырынан сыналатынын атап өтті.

- Бұл финалда әртістер тек сахналық образбен ғана емес, вокалдық техникасымен, дауыс диапазонымен және орындаушылық шеберлігімен бағаланады. Осы тұрғыдан алғанда, техника мен диапазон жағынан ерекшеленген үш қатысушы бар Мишель, Язмин және Мадинобону, - деді Ерболат Беделхан.

Жоба финалының нәтижесі Silk Way Star қатысушыларының кәсіби деңгейін айқындап, халықаралық мәдени ынтымақтастықты нығайта түсетіні күтіледі.

Соңғы жаңалықтар