SIM-box арқылы алаяқтық жасаған трансұлттық топтың 24 мүшесі 8 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты заманауи телекоммуникациялық технологияларды пайдаланып, алаяқтық қоңыраулар ұйымдастырған трансұлттық қылмыстық топтың 24 мүшесін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Қарағанды облысының прокуратурасы.
Сот әрқайсысына 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сотта ұйымдасқан топ мүшелерінің келісілген түрде әрекет еткені, әрқайсысына нақты рөл бөлінгені және олардың жұмысын ұйымдастырушылар үйлестіріп отырғаны анықталды. Қатысушылардың көпшілігі Қазақстанға Ресейден келген. Кейбірі ұйымдастырушылардың нұсқауы бойынша жабдық сатып алу үшін Ресейге барған.
Орындаушылар негізінен Telegram арқылы табылған. Оларға белгілі бір қалаға келіп, тұрғын үй жалдау, SIM-box құрылғыларын алу немесе жеткізу, жабдықты интернетке қосу, қазақстандық байланыс операторларының SIM-карталарын орнату және құрылғылардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету тапсырылған. Бұл үшін күніне 50-ден 100 долларға дейін ақы төленген.
– Негізгі дәлелдердің бірі сотталғандардың телефондарынан табылған Telegram хат-хабарлары болды. Онда жабдықты орнату және техникалық қызмет көрсету, SIM-карталарды ауыстыру, тапсырмаларды орындау және үйлестірушілерге есеп беру жөніндегі нұсқаулар болған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Тергеу барысында SIM-box-қа қосылған телефон нөмірлері арқылы азаматтарға алаяқтық қоңыраулар жасалғаны анықталды. Қаскүнемдер өздерін мемлекеттік органдардың, банктердің, «Қазпошта» АҚ және басқа да ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырған.
Олар азаматтардан растау кодтарын алып, несие рәсімдеуге және ақша аударуға көндірген.
Сотталушылар кінәларын мойындамаған. Алайда прокуратура ұсынған дәлелдемелер олардың ұйымдасқан қылмыстық әрекетке қатысқанын растаған.
Айта кетейік, «Даму» қоры арқылы несие алып беремін деген алаяқ 4 жылға сотталды.