SIM-карта арқылы жасалған қылмыс үшін нөмір иесі де жауап беруі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қазір интернет-алаяқтар түрлі айла-тәсілдерді қолдану арқылы азаматтарды алдаудың жаңа жолдарын тауып отыр, деп хабарлайды Абай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство атап өткендей, солардың бірі — жастарды оңай табыс уәдемен өз атына SIM-карта рәсімдетіп алып, кейін оны үшінші тұлғаларға сату немесе беру.
— Мұндай әрекет сырт көзге зиянсыз көрінгенімен, оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Себебі сіздің атыңызға тіркелген SIM-карта қылмыстық мақсатта пайдаланылса, барлық құқықтық жауапкершілік ең алдымен сол нөмір иесіне — яғни сізге жүктелуі ықтимал, — дейді тәртіп сақшылары.
Алаяқтар SIM-картаны қалай пайдаланады?
- Азаматтардың жеке деректерін ұрлау;
- Банктік қосымшалар мен онлайн сервистерді бұзу;
- Қоңыраулар мен хабарламалар арқылы алдау схемаларын жүзеге асыру;
- Әртүрлі заңсыз әрекеттерді анонимді түрде жасау.
Сондықтан «жеңіл ақша табамын» деген ойдың артында үлкен қауіп жасырынғанын ұмытпаңыз.
— Өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін: Өз атыңызға рәсімделген SIM-картаны ешкімге бермеңіз; Белгісіз немесе күмәнді адамдардың ұсыныстарына келіспеңіз; «Сатып аламыз», «рәсімдеп бер» деген ұсыныстардан бас тартыңыз; Жеке деректеріңізді, SMS-кодтарды және тіркеу мәліметтерін құпия сақтаңыз; Егер күмәнді жағдайға тап болсаңыз, бірден құқық қорғау органдарына хабарласыңыз. Есте сақтаңыз: заң алдында жауапкершілік нақты әрекет жасаған адамға ғана емес, сол әрекетке мүмкіндік берген нөмір иесіне де тиесілі болуы мүмкін. Өз атыңыз — өз жауапкершілігіңіз. Өз нөміріңіз — өз қауіпсіздігіңіз! — деп ескертті ПД.
Бұған дейін балаларды қауіпті контенттен қорғайтын сим-карта іске қосылатынын жазғанбыз.